Дәрігердің науқасты қарауына 15 минут жеткілікті ме — министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлердің науқасты қарау уақытын ұзарту мәселесімен 2024 жылдан бері айналысып келе жатқанын жеткізді.
Қазір дәрігерлердің әртүрлі жүйеде жеке-жеке жұмыс істеу фактілері бар. Былтыр бірнеше медициналық-ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы дәрігерлердің жұмыс уақыты 40 пайызға азайған.
— Екінші мәселе, орта буын медицина қызметкерлеріне осы жұмыстарды жүктеу мәселесі бұйрықпен бекітілді. Бүгінгі таңда барлығын жасадық деп айта алмаймыз, әлі де жұмыс көп. Жыл аяғына дейін қазақстандықтардың барлық деректері үлкен ұлттық қоймаға жинақталады. Бүгінгі таңда 80 пайыздан астам ақпарат соған жинақталды. Содан соң толығымен интеграция жасауды келер жылдың бірінші кварталында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін Президент тапсырмасы аясында мемлекеттік медициналық ақпараттандыру жүйесі дайындалып, енгізіледі, — деді министр.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту мәселесі қаралды.
2027 жылы МӘМС қаражаты денсаулық сақтау саласының негізгі қаржыландыру көзіне айналады.