Дәрігерлер, инженерлер, заңгерлер – Президент Іс басқармасына қандай мамандар қажет
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті Іс басқармасында жоғары және орта оқу орындарының 300-ге жуық студенті өндірістік тәжірибеден өтті, олардың 101-ін жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Бүгін ҚР ПІБ студенттерді өндірістік тәжірибеге шақыру және жұмыспен қамту бойынша дөңгелек үстел өткізді.
«Біздің іс-шараның мақсаты – студенттердің өндірістік және диплом алдындағы практикасын және түлектердің Президент Іс басқармасы жүйесінің кәсіпорындарына жұмысқа орналасуын ұйымдастырудағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын анықтау. Бүгін біз сарапшылар мен білім беру мекемелерінің өкілдерін пікір алмасуға және үздік тәжірибелермен бөлісуге шақырдық. Бүгінгі диалог ПІБ ведомстволық бағынысты ұйымдарының оқу орындарымен өзара іс-қимылы процестерін жақсартатынына, жаңа идеялар мен шешімдер әкелетініне, жоғары және орта оқу орындарының түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыруға жәрдемдесетініне сенімдімін», - деді ҚР Президенті Іс басқармасы аппаратының басшысы Серік Кенжебаев.
Бүгінгі таңда ПІБ ведомстволық ұйымдарында медицина, санаторий-курорттық сауықтыру, авиация, ғимаратты пайдалану, құрылыс, журналистика, туризм, орман шаруашылығы сияқты салаларда көптеген мамандарға қажеттілік бар.
«Сондықтан ПІБ жүйесінің функционалдық міндеттері өте кең, қажеттілік туындаған бірнеше мамандықты тізіп өтейін: дәрігерлер, терапевттер, реабилитологтар, эпидемиологтар, кардиохирургтер, энергетика инженерлері, қауіпсіздік және еңбекті қорғау инженерлері, құрылыс инженерлері, сумен жабдықтау инженерлері, автоэлектриктер, автослесарьлар, автомеханиктер, газ- электр дәнекерлеушілер керек. Сондай-ақ, әкімшілік-басқару блогына бізге сауатты аудармашылар, маркетологтар, заңгерлер қажет, қазір интернет дамығандықтан SMM-менеджерлері, графикалық дизайнерлер қажет», - деді С. Кенжебаев.
ҚР ПІБ ұйымдары мен жоғары және орта оқу орындары арасында жұмыс туралы меморандумдар жасалған. Бүгін де Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
ҚР ПІБ Медицина орталығының Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының президенті Асхат Әшімов кешенді талдау нәтижесінде өзекті мамандықтар тізімі жасалғанын, бұл оқу орындарымен тиімді ынтымақтастық етуге және заманауи талаптарға сай мамандар әзірлеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Біз оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 67 меморандум бекіттік, оның 48-і жоғарғы оқу орындарымен, 19-ы – орта оқу орындарымен жасалған. Бұл келісімдер әрі қарайғы ынтымақтастықтың негізі болады және жоғары білікті кадр даярлауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Нәтижесінде ЖОО мен колледждердің 299 студенті біздің ведомствоға қарасты ұйымдарда өндірістік практикадан өтті. Олардың 101-і ведомствоға қарасты ұйымдарға жұмысқа орналасты. Қазір тағы қосымша 29 студент тәжірибе жинақтап жүр», - деді А. Әшімов.
Аталған шараларға қосымша, ҚР ПІБ 27 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, болашақ мамандарға мансаптық келешек туралы толыққанды ақпарат берген.