Дәрігерлердің қателігі үшін ақы төленеді: жаңа заң күшіне енді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң күшіне енді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлайды.
Жаңа заңға сәйкес денсаулық сақтау субъектілері (медициналық ұйымдар және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар) медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға және бірыңғай сақтандыру пулымен сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Сақтандыру шарты Medpul.kz электрондық ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Бірыңғай сақтандыру пулы 2024 жылғы 2 қазанда құрылды және олар бірлесіп жасаған қызмет туралы шарт негізінде жұмыс істейді. Пулдың құрамына кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру сыныбы бойынша уәкілетті органның лицензиясы бар 14 сақтандыру ұйымы кірді.
Пулдың қызметін басқару үшін сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру құқығына уәкілетті органның лицензиясы бар «MOI» сақтандыру брокері» ЖШС тартылды.
Бірыңғай сақтандыру пулының қатысушылары үшін пул қабылдаған міндеттемелер бойынша жауапкершілік ортақ. Бірыңғай сақтандыру пулы денсаулық сақтау субъектісімен бірлесіп сақтандыру шартын жасасудан бас тарта алмайды және пул қатысушысының ортақ міндеттерді орындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Сақтандыру төлемдері дәрігерлердің байқаусызда жасаған кәсіби қателіктерінен зардап шеккен пациентке төленеді. Өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісін растау және сақтандыру төлемін алу үшін пациентке немесе оның жақын туыстарына (заңды өкілдеріне) денсаулық сақтау мекемесіне жүгіну қажет.
Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы шешімді тәуелсіз сараптама комиссиясы қабылдайды. Комиссия құрамында сарапшылар, кәсіби медициналық қауымдастықтардың және бірыңғай сақтандыру пулына қатысушы сақтандыру ұйымының өкілдері ретінде тартылатын бейінді мамандар бар. Зардап шеккен пациент, медициналық қызметтер алған денсаулық сақтау субъектісінің өкілдері тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына енгізілмейді.
Пациент тәуелсіз сараптама комиссиясы қорытындысының нәтижелерімен келіспеген жағдайда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісі орын алғаны жөнінде комиссияның шешімі сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін бірыңғай сақтандыру пулына жіберіледі.
Заңмен сақтандыру төлемдерінің ең аз сомалары белгіленген, олар пациентке үшінші, екінші және бірінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда - 500, 600, 800 АЕК құрайды, тиісінше мүгедектігі бар бала –500 АЕК, өлімге әкелген зиян келтірілгені үшін – 3 000 АЕК, мүгедектік белгіленбей пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін – 300 АЕК-тен аспайтын сақтандыру төлемдері төленетін болады.
Сондай-ақ, заңмен осы денсаулық сақтау субъектісі төлеген сақтандыру сыйлықақысы сомасының 5%-ынан аспайтын мөлшерде сақтандырылған медицина қызметкерлеріне адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстарды өтеу сомасы белгіленген.