Дархан Мыңбай: Сайлау - Тәуелсіздігіміздегі маңызды кезең

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы - біздің Тәуелсіздігіміздегі маңызды кезең. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дархан Мыңбай: Сайлау - Тәуелсіздігіміздегі маңызды кезең

«Қазір біз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Бұл сайлау біздің Тәуелсіздігіміздегі маңызды кезең. Өйткені осындай билік транзитін жүзеге асырудың қадамы жүрді. Бұл тұрғыда біз Президентімізді сайлап алып, тас-түйін бекініп, ары қарай өзіміздің қазақстандық жолымызды жалғастырамыз деп ойлаймын», - деді Дархан Мыңбай Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу арнап, онда еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдағанын жариялаған болатын.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деген еді Қ.Тоқаев.