«Дәрі-дәрмек өзімізде өндіріле бастады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 қараша, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Дәрі-дәрмек өзімізде өндіріле бастады» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Дәрі-дәрмек өзімізде өндіріле бастады» деген мақала басылды. Облыста кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, өнеркәсіптегі шағын және орта бизнестің үлес салмағы жыл өткен сайын артып келеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер біздің өңір үшін тың саланы игеруге талаптанып, жаңа өнімдер өндіруді қолға алуда. Бұдан бірер жыл бұрын «Велес Актобе LTD» ЖШС дәрі өндіретін цех ашып, пайдалануға берген болатын.

- Бұрындары дәрі-дәрмектің басым бөлігін алыс-жақын шетелдерден алып келдік. Шымкенттегі жалғыз фармацевтика зауытынан басқа отандық дәрі-дәрмек өндіретін өндіріс орны жоққа тән болатын. Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асырудың тиімді бастамалары, тиянақты жобалары өмірге жолдама ала бастады. Біздің «Велес Актобе LTD» ЖШС-інің дәрі шығаратын зауыты осындай игі ізденістің нәтижесінде өмірге келген кәсіпорын. Бұл осы серіктестіктің «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірігіп жүзеге асырған жобасы. Біз әуелі өткізу рыногына маркетингтік зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде біз шығаратын дәрі-дәрмектердің сұранысқа ие екенін бағамдадық. Өндірістік технологияны негізінен өзіміз жасадық. Өнімдерімізді әзірге Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында өткізудеміз, алда еліміздің барлық қалаларын қамтамасыз етуді ойластырудамыз, - дейді «Велес Актобе LTD» ЖШС директоры Гүлнәр Иманалина.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда үй бағасы арзандамайды. Қазіргі кезде құны тым аспандап кеткен баспана бағасы таяу арада төмендейді деп күткен үйсіздердің үміті ешқашан ақталмайды.

«Қайта жыл жылжыған сайын онсыз да шарықтап тұрған пәтер құны тағы да ұшына беретін түрі бар. Мұны кеше елордада брифингте «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетов мәлімдеді. Егер еске түсірсек, осыдан екі жыл алдын Елбасы Астана мен Алматыдағы көп қабатты үйлердің бағасы тым негізсіз қымбаттап, Еуропаның бағасына пара-пар деңгейге жеткенін сынап, төмендету жөнін­дегі ескерту жасаған еді. Ол не болды?», - деп жазады басылым.

- Біз тек қана үкіметтік бағдарламалардың есебінен халықты баспанамен қамту мәселесін шеше алмаймыз. Жеке құрылысты дамыту керек. Тек қана үкіметке сеніп, үйде жатып, арзан үй аламын деу - дұрыс емес. Шынын айту керек, енді арзан үй бол­майды. Арзан ипотека болуы мүмкін, арзан аренда болуы мүмкін, бірақ үй арзан­дамайды. Астана мен Алматы қалаларын былай қойғанда, басқа қалалардағы ескі «хрущевкалардың» өзі бір шаршы метрі 500-600 доллардан түспейді. Өз үйі болған соң, оны ешкім арзанға сатпайды ғой. Ал жаңа үйдің қымбат болуына бірнеше себептер бар. Мәселен, бір шаршы метр тұрғын үйдің бағасына салық, құрылыс материалдарының құны, құрылысшылардың жалақысы кіреді. Арзандату үшін осылардың қайсысын қыс­қартамыз? Болашақта Қазақстан құрылыс материалдарын өзінде шығарса, баға арзандайды. Қазір біз әйнекті, металл мен лифтіні шетелден аламыз. Осы ретте Үкімет құрылысқа қажетті әйнек зауытын салуға кірісіп жатыр. Одан басқа да материалдарды өзімізде шығарғанда ғана пәтер құны арзандайды.

Ол - ол ма, Астанада енді қаражаяулар маңына да жолай алмайтын «Жасыл орам» атты қымбат орам бой көтермекші. Эко­логиялық талаптың негізінде салынатын тұрғын үй кешенінің жалпы құны 44 млрд теңгені құрайды. 180 мың шаршы метр аумақты қамтитын жоба ЭКСПО қарсаңында, яғни 2017 жылы пайдалануға беріледі. Бір шаршы метрінің құны 2 мың доллардан кем болмайтын пәтерлер, негізінен, тек қалталыларға арналған. Мұны Палымбетовтiң өзі қуаттап отыр. «Бұл әлеуметтік баспана емес екенін бірден айта кетейін. Сосын мейлінше қымбат кешенге айналады, әзірше шаршы метрі шамамен 2 мың доллардан асады. Дегенмен ескерте кетейік, кейіннен тұрғын үйлердің бағасы негізінен, коммуналдық қызметтер есебінен төмендеп жатады. Ал аяқталу мерзіміне келсек, қазақстандықтар ЭКСПО қарсаңында жаңа кешенге қоныстанады. Жалпы, мемлекетте «Жасыл орам» жобасының құрылысын қолдады, біз де оның арзан болмайтынын түсіндік. Дегенмен осы арқылы біз құрылыс саласында жаңа экологиялық, халықаралық стандарттарға көшуге серпін бергіміз келеді. Ал жаңа технологиялардың арзан болмайтынын көпшілік біледі, ең бастысы, біз құрылыс саласына жаңа экологиялық технологияны енгізуге міндеттіміз» дейді Палымбетов. Осы жайында «Енді елде арзан үй болмайды» атты мақалада толық берілген.

Осы газетті «Қытайда қазақтың жері бар» деген мақала берілді. Қытайдың қақ төрінде қазақ елшісінің резиденциясы бой көтермек. Кеше Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында осындай қызықты жаңалық жария етілді. Жиында «Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы» Келісім жобасы қаралды. Бұл ретте сенаторлар Аспанасты елінде қазақ елшілігін салу кезінде «құпиялылықты» сақтау мәселесін көтерді.

Отырыста баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусиновтың айтуынша, бұл екіжақты құжатқа 2013 жылдың 7 қыркүйегінде, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиньнің елімізге ресми сапары аясында қол қойылыпты.

***

«Экспресс-К» газетінде «Ни сердца, ни мозгов» деген мақала жарық көрді. Бүгінде қорғансыз балаларды соққыға жығуды бейне таспаға түсіру қатерлі трендке айналып отыр. Интернетте осы тектес кезекті ролик пайда болды, яғни жас жігіт боксшының ұрып соғуға арналған қабы ретінде жасөспірімді пайдаланған. Бұл оқиға Павлодар облысының Железинка ауылындағы аграрлық-техникалық колледжінде орын алды. Осы бейне түсірілімнің авторы жасөспірімге әлімжеттік көрсетудің себебін де түсіндірмеген.