Дәрі-дәрмек және телефон жеткізуші ретінде таныстырған алаяқ 13 семейлікті алдап кетті
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде өзін дәрі-дәрмек және телефон жеткізуші ретінде таныстырған алаяқ 13 адамды алдап соққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Семей қалалық №2 соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 2018 жылдың көктемінен бастап сотталушы ұялы телефон мен жабдықтарын сатумен айналыса бастаған. Кәсібін ары қарай дамытып, айналымды арттыру үшін оған алғашқы капитал қажет болды. Сол үшін ер адам туыстарынан, достарынан 200-300 мың теңге көлемінде қарыз алып, тауарларды сатқаннан кейін ақшаны пайыздық үстемемен қайтарып отырған.
«2018 жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығында айыпталушы өзінің жақындарынан алған қарыз сомасын артығымен қайтарғанда олардың ақша айналымына қызығушылық танытқанын байқады. Осылайша 25 жастағы жігітке жымысқы ой келген. Нақты айтқанда, қылмыстық әрекетінің бүге-шүгесін жоспарлап алған ол жұртшылыққа ұялы телефондарды сатып алу және сатумен айналысатындығын, оның айналымына ақша құюға болатындығын, сол инвестиция арқылы 10-нан 110 пайызға дейін пайда табуға мүмкіндік бар екендігін жеткізеді. Кейіннен ер адам дәріханалар мен ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізумен айналысатындығын айтқан», - делінген хабарламада.
Бұл сөзге сенген жәбірленушілер оған ақшасын бере салған. Ал сотталушы болса әуел баста біреуден алған қаражатты екіншіге пайыз ретінде қайтарып отырады.
«Табыс тапқан тұрғындар осы жайлы туыстарына, достарына, әріптестері мен таныстарына айта бастайды. Сөйтіп, алаяқтың «клиенттері» көбейе түскен. Кейіннен ақшалары қайтпаған азаматтар алданып қалғандарын түсінді. Материалдық шығынға ұшыраған 13 жәбірленуші сотқа арызданған», - делінген мәліметте.
Сот үкімі бойынша айыпталушы 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ер адам өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтемек. Сот үкімі толықтай заңды күшіне енген.