Дәрі-дәрмектер бойынша отандық өнімнің үлесі қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Зертханалық сынақтан өтпей қалған дәрі-дәрмектердің жартысынан көбі - шетелдік. Бұл туралы ҚР ДСМ Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптама орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қанат Ержанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрі-дәрмектер бойынша отандық өнімнің үлесі қандай

«Біздің орталық қызметкерлері сапа және қауіпсіздік параметрлері бойынша шетелдік дәрі-дәрмектермен бірге отандық дәрілерге де сынақ жүргізеді. Сапа жағынан сынақтан өтпей қалған дәрі-дәрмектер бойынша отандық дәрілерден гөрі шетелдік медициналық өнімдердің үлесі көптеу. Зертханалық сынақтан өтпей қалған дәрі-дәрмектердің жартысынан көбі - шетелдік дәрілер», - дейді ол ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Қанат Ержановтың айтуына қарағанда, Қазақстанда сатылып жатқан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бойынша отандық үлес - 14 пайыз.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан нарығында сатылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар үш сатыдан тұртын тексерістен өткізілетінін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Олардың біріншісі - бастапқы сараптама, екіншісі - мамандандырылған сараптама, ал үшіншісі - зертханалық сынақ. Ұлттық орталықтың облыстарда зертханалары бар.