12:47, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтерген дәріханалардың лицензиялары қайтарылып алынатын болады - Ж. Досқалиев
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтерген еліміздегі дәріханалардың лицензияларын қайтарып алатын болады.

Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінен кейінгі брифингте министр Жақсылық Досқалиев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Девальвациядан кейін еліміздегі кейбір дәріханалар бірқатар дәрі-дәрмектердің бағасын көтеріп, пайда табуға тырысқан фактілер бар. Қоймалардағы ол дәрі-дәрмектердің барлығы девальвацияға дейін әкелінген және бұрынғы бағамен сатып алынған. Сондықтан қазіргі жағдайды пайдаланып, олардың бағасын көтеру заңсыз. Егер мұндай заңсыздық жалғаса беретін болса, біз бағаны негізсіз көтерген дәріханалардың лицензиясын қайтарып аламыз», - деді өз сөзінде Ж. Досқалиев. Ж. Досқалиев девальвациядан кейін министрліктің жұмысы қалай құрылатынына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, министрлік ақпанның 7-сінде Қазақстанға сырттан дәрі-дәрмек әкелетін, сондай-ақ өзіміздің дәрі-дәрмектерді тарататын фирмалармен арнайы келісімге отырған. Ол бойынша Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмектердің бағасы бір тиынға да өспейтін болады. Екіншіден, Қазақстандағы дәрі-дәрмектердің 90 пайызы сырттан әкелінетін болғандықтан, девальвациядан кейін импортталатын дәрілердің бағасы 12 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Ж. Досқалиев Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан Қазақстанға сырттан келіп жатқан және елімізден сыртқа кетіп жатқан дәрі-дәрмектердің бағасын бақылайтын арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.