Дәрі-дәрмектің бағасын тұрақты ұстап тұру шаралары Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрі-дәрмектің бағасын тұрақты ұстап тұру шаралары Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Денсаулық сақта вице министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.
«Бағаның өзгеруі орын алған кезде дәрі-дәрмектің бағасына қатысты жұртта алаңдаушылық туындайды. Бұл, әрине, түсінікті. Өйткені науқас адамға дәрі-дәрмек ең бірінші қажеттілік. Сондықтан бұл салада дәрінің бағасын, сапасын қадағалау, оны өсірмеу министрліктің бірден-бір қызметі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бүгінде елімізде дәрінің 7174 түрі тіркелген. Яғни, әлемде тіркелген барлық дәрі-дәрмек түрі бар. Қазақстан азаматтарын қажетті дәрімен қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 140 млрд. теңге қаржы бөліп келеді.
Сондай-ақ Е.Байжүнісовтің сөзіне қарағанда, жыл сайын елмізде 350-ге жуық жаңа дәрі түрі тіркеліп, олардың барлығы да Қазақстан заңнамасына сай сапасына, халықаралық стандарттарға сәйкестігіне сараптама жүргізіледі.