Дариға Назарбаева: Депутаттар журналистермен бір платформада тұр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» атты шығармашылық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Патриотизмнің сан алуан көріністері болады. Біз өз жүйемізді жетілдіреміз деп, оны сынға алсақ, бұл - патриотизмнің көрінісі. Халықтың бойына сенім мен оптимизм ұялатамыз деп, өз жетістіктерімізбен мақтансақ, ол да - патриотизмнің бір көрінісі. Мен екеуін де қолдаймын. Қазақстан журналистикасының арқасында біз экономикада, әлеуметтік салада үлкен жетістіктерге жеттік. Негізі, біздер - депутаттар журналистермен бір платформада тұрмыз деуге болады. Біз де сынауды жақсы көреміз. Себебі жұмыстағы кемшіліктер үшін, мемлекеттік жобаларды іске асырғанда туындайтын сәтсіздіктер үшін алаңдаймыз. Біздің басқару жүйеміз қысқа уақыттың ішінде жетілсе екен деп тілейміз. Мен өзім оптимистпін. Соны сіздерге де тілеймін», - деді Д.Назарбаева.

Оның айтуынша, қандай да бір жүйені сынау - бұл қалыпты үрдіс, дамудың басты шарты. Ал журналистер, үкіметтік емес ұйымдар мен депутаттардың арқасында кемшіліктер назардан тыс қалмайды. «Сондықтан бәріміз бір мақсатқа жұмыс істеп жатырмыз», - деп атап көрсетті Д.Назарбаева.

Айта кетейік, биылғы байқауға елдің түкпір-түкпірінен 564 жұмыс түсті. Конкурсқа барлығы 120-дан астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олардың ішінде шетелдік журналистер де бар.

«Сондықтан комиссия мүшелері байқауға xалықаралық мәртебе беруді бірауыздан қолдады. Енді, шетелдік журналистер «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым» атты xалықаралық номинацияға қатыса алады», - дейді ҚР Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева. 

Соңғы жаңалықтар
telegram