Дариға Назарбаева: Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ғарыш индустриясы қалыптасты

«Мен бүгін бірінші рет Ұлттық ғарыш орталығында болдым. Бұған дейін біз тек құжаттар мен есептерді көріп, статистиканы ғана тыңдап келіп едік. Бүгін орталықта көргеніміз біздің бәрімізді шынында да таң қалдырды. Бұл - Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ғарыш индустриясы. Ол бүгін бізде бар. Бұл біз айтып жүрген «Хайтек» технологиясы, болашақтың технологиясы. Олардың қажеттілігі жыл санап артып барады», - деді сенатор.
Дариға Назарбаеваның айтуына қарағанда, бір сөзбен, барлық мемлекеттер жаңа индустрия бағытында алға жылжып барады.
«Бізге осы ретте өте көп білікті мамандар керек. Біздің ғарыш технологиясы жылдам алға кетіп барады. Алдағы 2-3 жылда біздің барлық инфрақұрылымымыз, сервистік қызметтер тың деңгейге көтеріледі. Бұл өз кезегінде бюрократиялық аппараттың көптеп қысқаруына әкеліп, мемлекеттік аппаратты ұстаудың шығынын төмендетеді. Экономика үшін де бұның маңызы зор. Демек, шынында да, ғарыш технологиясы үлкен серпіліс береді. Бүгінгі күні оның жарқын үлгісін біз Ұлттық Ғарыш орталығынан көріп отырмыз», - деді ол.
Сенатор өз сөзінде бүгінгі күні олар шетелден әкеліп жүрген медициналық протездер Қазақстанда шығарыла бастағанын мысал етті. Демек, шетелдік импорттық тауардан 70 пайызға арзан протездер өз елімізде өндіріле бастады.
«Осы ретте «Болашақ» бағдарламасы өзінің жемісін беріп жатқанын атап өткім келеді. Біз Ұлттық ғарыш орталығында «болашақтықтар» - негізгі кадрлар шоғыры екенін көріп отырмыз. «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік ЖОО-ларында техникалық білім алған жастар қазір ел игілігі үшін еңбектеніп жатыр. Кадрларды ары қарай жетілдіре берген дұрыс. Меніңше, әлі де 10 мың өте білікті маман керек. Сондықтан, білім жүйесі осыған бейімделіп, аталған бағытта гранттар көптеп бөлінуде», - дейді ол.
Сенатор өз сөзінде Қазақстанның ғарыш саласы әзірге шығынды өндіріс екенін, яғни инвестиция мемлекет тарапынан құйылып жатқанын атап өтті.
«Бірақ, бүгінгі күннің өзінде нарықта сұранысқа ие өнімдер шығарылып жатқанын көріп отырмыз. Уақыт өте келе тапсырыс мемлекетпен бірге жеке сектордан арта бастағаннан кейін бұл шынында да, бизнес үшін тартымды бола түсуі мүмкін. Сонда инвесторлар тартылуы ықтимал. Демек, мемлекет шексіз ақша бөле бермейді. Бақылауды мемлекет өзіне қалдырып, жеке берік серіктеспен жұмыс жүргізуге болады. Болашақ көрсетеді. Шынында да, бұл өте экспортты өндіріс», - дейді Дариға Назарбаева.