Дариға Назарбаева: Құқыққорғау органдары өз қатарындағы жемқорлықпен күресуі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатында Қазақстан Республикасының 2015 - 2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат палатаның ресми сайтына сілтеме жасап.
None
None

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі шаралар туралы баяндады. Ол мемлекеттік аппараттың кәсіби сипатқа көшуімен қатар шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстары елеулі түрде қысқарғанын және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолайлы жағдайлар азайғанын атап өтті.

Жалпы алғанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 83 пайыз қызмет электронды түрде, оның ішінде 63 пайызы «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Мәліметтер базасын кіріктіру 2,5 есе өсіп, 30 пайызды құрады.

Ағартушылық жұмыстар арқылы азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлықпен белсенді түрде күреске тарту және оның кез келген көріністеріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыру жүзеге асуда. О.Бектенов сенаторларға Астанада іске қосылған «Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы» туралы айтып берді. Карта құрылыс, жөндеу жұмыстары, инфрақұрылымдар және әлеуметтік нысандарды күтіп ұстау шығындары туралы нақты уақыттағы деректерді көрсете алады. Карта жергілікті бюджетті іске асыруды көрсетуге және бағалауға, сауалдар беру мен шағымдар айтуға, сондай-ақ кері байланысқа шығуға мүмкіндік береді.

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед осы жобаны еліміздің барлық аймақтарына кеңінен таратуды ұсынды. Оны тиімді іске асыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, бірнеше сатыға бөлу керектігі айтылды.

Сондай-ақ отырыс барысында халықты кең жолақты интернетпен қамтуға бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалу мәселесі қызу пікірталас тудырды. Сенатор Талғат Мұсабаевтың айтуынша, ол үшін талшықты-оптикалық қымбат байланыс желісін емес, KazSat-2 және KazSat-3 жер серіктерін пайдалану орынды болар еді.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына бөлінген қаржыны жұмсау бойынша қоғамдық мониторинг жүйесін жасауды ұсынды. Сенаторлар мемлекеттік органдардағы, оның ішінде ІІМ жүйесі, салық қызметі, кеден, көлік саласындағы сыбайлас жемқорлық деректеріне алаңдаушылық білдірді.

Сенатор Д.Назарбаеваның пікірінше, бірінші кезекте құқыққорғау органдары өз ішіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресуілері тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдардағы өзара бақылау жүйесін құру және заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлық тұрғысында жүйелі талдау жасау керек.

Соңғы жаңалықтар