Дариға Назарбаева мұғалімдерді мерекемен құттықтап, алғыс айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ЭКСПО аумағындағы «Хол-Энергия» павильонында өтіп жатқан Мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шарада Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева ұстаздар қауымын мерекесімен құттықтап, үздік педагогтарды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрметті педагогтар мен ардагер ұстаздар! Бүгін бәріміз үшін қуанышты күн. Өйткені, білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарға елдің айтар алғысы шексіз. Бүгін сіздерді құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Біздің балалардың, Отанның тағдыры сіздердің қолдарыңызда десек, артық айтқандық емес. Сіздер ұлы еңбекті атқарып жатырсыздар», - деді сенатор өзінің құттықтау сөзінде.
Дариға Назарбаева еңбектерін адал атқарып жүрген барлық ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
«Біз аз уақыт бұрын білім туралы мемлекеттік бағдарламаны қорғаған кезде бәрінің көкейінде ағылшын тілін енгізу, ағылшын тіліндегі пәндерді оқыту мәселесі бар еді. Бұл үлкен асу болатын. Аталған бағдарлама бойынша жұмыс жүргізген адамдар бастаманың қаншалықты қиын әрі күрделі екенін жақсы түсінді. Бұл сіздерге қаншалықты ауыр болатынын да білдік. Министрмен (Ерлан Сағадиев - авт.) кездескен сайын мен жұмыстың қалай атқарылып жатқанын әрдайым сұрап жүремін. Осы орайда жұмыстың сәтті атқарылып жатқанын айта кеткім келеді», - деді Парламент Сенатының депутаты.
Дариға Назарбаеваның айтуынша, қазіргі таңда мұғалімдер ағылшын тілін меңгеріп қана қоймай, оқушыларды да дайындау үстінде.
«Менің ойымша, алғашқы асуларды бағындырған секілдіміз. Үш тілдің болғаны өте маңызды. Туған тіліміз қазақ тілін, ұлтаралық қарым-қатынас тілі - орыс тілін және болашақта рөлі ерекше ағылшын тілін білудің маңызы зор. Сондықтан, құрметті ұстаздар, сіздердің асқан төзімдеріңіз үшін тағы да алғыс айтқым келеді», - деді Дариға Назарбаева.
Аталмыш шара аясында «Үздік педагог» республикалық конкурс жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Дариға Назарбаеваның қолынан аталмыш атақты Астана қаласындағы «Зерде» дарынды балаларға арналған № 9 мектептің математика пәнінің мұғалімі Күшай Тердікбай, Астана қаласындағы № 68 орта мектептің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Жанар Сабанбаева, Астана қаласындағы Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының география және қосымша білім беру мұғалімі Қабанбай Жақыпов, Астана қаласындағы № 22 мектептің математика пәнінің мұғалімі Ләззат Ибраева алды. Жеңімпаз мұғалімдерге 2,4 млн теңгенің сертификаты табысталды.