Дариға Назарбаева Сингапур СІМ ерекше тапсырма бойынша елшісімен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Сингапур СІМ ерекше тапсырма бойынша елшісі Билахари Каусиканды қабылдады.
Қонақты қарсы алған Дариға Назарбаева Сингапур Оңтүстік Шығыс Азиядағы Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі болып табылатынын атап өтті. «Жоғары деңгейде сенімгерлік диалог орнатылды, парламенттер, үкіметтер және іскерлік орта деңгейінде байланыстар жүзеге асуда», - деді сенатор.
«Астана клубы» отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Билахари Каусикан Еуразияны дамытудың негізгі мәселелерін талқылауға арналған халықаралық сараптамалық алаңның ұйымдастыруы мен мазмұны жоғары деңгейде екенін атап өтті. «Мұндай бастаманы жалғастыру қажет» , - деді дипломат.
Екіжақты қатынастардың дамуына қанағаттанғандығын білдірген Каусикан Дариға Назарбаеваны Сингапурға сапармен келуге шақырды. Сенатор Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне сингапурлық компаниялардың қатысатынына сенім білдірді.