Дәрігер атын жамылған алаяқтар құрықталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнайы жедел тергеу жұмыстары барысында Алматының бір ЖШС директорынан 50 мың АҚШ долларын бопсалау үстінде 1971 жылғы Ресей азаматы мен 1986 жылғы ҚР азаматшасы құрықталған. Белгілі болғандай, олар директорға және оның отбасына күш көрсете отырып ақша талап еткен. Ақ халат пен бет перде киген қылмыскерлер кәсіпкердің пәтеріне санэпидемстансы қызметкері ретінде барған. Олар Алматы әкімінің қаулысымен доңыз тұмауына қарсы халыққа тегін ем жасап жүргендіктерін айтқан. Жалған қаулы жасап алған қылмыскерлер отбасы мүшелеріне шыныдағы белгісіз сұйықтықты ішуге береді. Бұл клофелин түйіршігі қосылған коньяк екені анықталған. Сұйықтықты ішкен отбасы мүшелері бірден ұйықтап қалады. Қылмыскерлер кетіп қалған, тек кешке ЖШС директорына қоңырау шалып «Сіз біздің мүмкіндіктерімізді байқадыңыз, сізді уландыру қолымыздан келді. Егер 50 мың АҚШ долларын берсеңіз тірі қаласыз», деп қорқытқан.
Кәсіпкер бірден Алматы қаласындағы ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасына жүгінеді. Аталмыш ұйымдасқан қылмыспен ҰҚКБ қызметкерлері 10 күндей жұмыс жүргізіп, қылмыскерлерді ақша беру үстінде құрықтады. Сондай-ақ ұсталғандардың медқызметкері ретінде үйге кірген тағы бір қылмыстық әрекеттері әшкерленді.
Құрықтау кезінде ер адамнан Ресей мемлекетінің азаматы деген үш төлқұжат пен қынаптағы пышақ тәркіленген. Сондай пышақ оның сыбайласынан да табылған. Жалдап тұрған пәтерлерінен медициналық құралдар, дәрі егу құралдары шыққан. Қылмыскерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ұсталғандарға 7 мен 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.