Дәрігер үшінші қабаттан құлаған бүлдіршіннің жағдайы туралы айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үшінші қабаттан құлап кетіп, кейін жол-көлік апатына ұшыраған қыздың жағдайы қалыпты ауыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл туралы №2 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу-профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ұлықбек Асылбеков мәлімдеді.
«Бүлдіршін қазір жансақтау бөлімінде жатыр, оның жағдайы ауыр, бірақ қалыпты. Оның жарақаты өте ауыр. Ішкі ағзаларына қатты зақым келген, жамбас сүйегі сынған», - деді Ұ. Асылбеков.
Өз кезегінде дәрігер баланың өміріне қандай да бір қауіптің төніп тұрмағандығын атап айтты.
«Кез келген адам мұндай жарақат алғанда, оның жағдайы бір күнде жақсарып кетпесі анық. Ең бастысы дәл қазір оның өміріне ешқандай қауіп жоқ», - деді аурухана дәрігері.
Еске салайық, Астанада үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен бүлдіршін қызды ата-анасы жеке көліктерімен ауруханаға алып бара жатқан жолда жол-көлік апатына ұшыраған еді.