Дәрігер вакцинаның не себепті жүктіліктің 16-шы аптасынан кейін салынатынын түсіндірді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық емханасының акушерлік және гинекология бөлімінің меңгерушісі А.Карменова Pfizer вакцинасының не себепті жүктіліктің 16-шы аптасынан кейін салынатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір елімізде жүкті және жаңа босанған әйелдер арасында коронавирус жұқтырғандар азаймай тұр. Осы санаттағылар тәуекел тобына жатады. Жүкті әйелдің жатырындағы ұрық қоректік заттарды өзіне алады. Олар – ақуыздар, көмірсулар, майлар, витаминдер, микроэлементтер. Бұл қоректік заттар әйел организміндегі иммунды жүйеге тікелей жауап береді», - деді А.Карменова.
Оның айтуынша, Алтай ауданында америкалық Pfizer екпесінің дозалары жеткілікті.
«Бұл екпеде коронавирустың модификацияланған рибонуклеин қышқылы бар. Ол әйел мен нәрестенің организміне ешқандай зиян келтірмейді. Ұрықтың органдары мен жүйесінің қалыптасуы жүктіліктің 12-ші аптасында аяқталады. Ал нәресте плацентасының қалыптасуы 16 аптаға дейін созылады. Екпені жүктіліктің 16-шы аптасынан кейін, ал жаңа босанғандарға 42 күннен кейін алуға болады», - деді аудандық емхананың акушерлік және гинекология бөлімінің меңгерушісі.