Дәрігердің еңбегін дұрыс бағаламай денсаулық сақтау сапасы туралы айтуға болмайды - С. Асфандияров атындағы ҚазҰМУ оқытушысы
Бұл Алматыда өткен Түркияның емдік туризмін таныстыру ұйымы ұйымдастырған 2 күндік көрме-конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда емдік туризм енді ғана басталып жатыр. Өз денсаулығын бағалаған адамдар қайда болса барады. Тіпті ақшасы барлар өз мүмкіндігіне қарай шетелде босанып, емделуде. Өйткені дәрігердің еңбегін қоғам да, үкімет те бағаламайды. Еңбекақы төмен болса, оның сапасы қалай жоғары болады. Шымкенттегі ЖҚТҚ жұқтыру оқиғасы соның дәлелі», дейді Қазақтың Санжар Асфандияров атындағы ұлттық медицина университетінің доценті Белгібай Шахметов. Ғалымның айтуынша, бұл көрме-конференцияға Түркиядағы медициналық оқу орындары өздерінің кликаларын алып келіп отыр. Озық құрал-жабдықтармен жабдықталған емдеу орындарының мүмкіндігі өте зор. Өкінішке орай, мұнда клиника Қазақстандағы ең жоғарғы медициналық оқу орны саналатын ҚазҰМУ-да жоқ. Егер осындай клиникалар оқу орнының өзінде болса, мамандар оқып жүріп-ақ тәжірибе жинап халықты емдеу ісіне үлкен ықпал жасар еді.
«Денсаулық саласына дамыған елдер жалпы ішкі өнімнің 10-12 пайызын жұмсайды. Бізде ол 2,5 пайыз ғана. Бәсекелестікке қабілетті дамыған ел болу үшін алдымен денсаулық сақтау саласына көңіл бөлу қажет. «100 аурухана» сияқты бағдарламалар кешенді түрде жүзеге асырылған кезде нәтижесі өте жоғары болады», дейді ғалым.