Дәрігерлер 350 мыңнан аса ота жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің дәрігерлері науқастарға 350 мыңнан астам ота жасады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер 350 мыңнан аса ота жасады

«Қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету аясында өткен кезеңде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары 51 млн қабылдауды атқарды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп. Жедел жәрдем қызметі 4 млн жуық шақыртуға қызмет көрсетті. Медициналық авиация 1 мыңнан астам ұшуды жүзеге асырды. Стационарларда шамамен 1,5 млн науқас емделді. 350 мыңнан астам ота жасалды, 200 мыңға жуық әйелді босандыру жүргізілді», - деді Ажар Ғиният «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері жайында баяндай келе.

Оның атап өтуінше, емханаларда арнайы мамандарға кезектілікті азайту мақсатында жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету жөніндегі жаңа қағидалар бекітіліп, енгізіліп жатыр.

«Өткен кезеңде күрделі және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 80 түрі бойынша 18 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін Гамма-пышақ және Ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді. Онда 300-ден астам операция жасалды және 400-ге жуық пациент емделді. Семей қаласының ядролық медицина орталығының бірегейлігін атап өткім келеді. Онда өндірістен диагностика мен емдеуге дейін отандық радиофармпрепараттар толық циклде қолданылады», - деді министр.