Дәрігерлер Ақсу зауытында зардап шеккен өрт сөндірушінің жағдайын айтты
«Сағат 18.50-де Ақсу қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне шұғыл медициналық көмек бригадасы оқиға орнынан – Ақсу ферроқорытпа зауытынан 1993 жылы туған ер адамды жеткізді.
Жұмыс орны: Павлодар қаласы, 1-інші Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі, аға өрт сөндіруші», - деп мәлім етті ҚазАқпарат тілшісіне Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Медицина мамандарының айтуынша, ер адам Ақсу ферроқорытпа зауытында отпен күрес кезінде шатырдан құлап кеткен. Оған қажетті емдік-диагностикалық шаралар жасалды.
«Ер адамға жабық бас-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, кеуде қуысының соғылуы, жамбасының соғылуы, оң жақ кәрі жілік-білезік буыны аралығының созылып кетуі диагнозы қойылған. Буынына гипспен иммобилизация жасалды, травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты», - деп қосты ведомстводан.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 21 маусым күні, сағат 16.00-де «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ-ға қарасты Ақсу ферроқорытпа зауытында ірі өрт тұтанды.
Отпен күреске жұмылдырылған өрт сөндірушілердің бірі ауруханаға жеткізілді.
Тілсіз жаудың таралуы 20:52-де тоқтатылып, 22:40-та толығымен сөндірілді.