Дәрігерлер Астанада жарақаттанған оқушы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - №2 қалалық аурухана 2 наурызда түскен науқас жайында ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрігерлер Астанада жарақаттанған оқушы туралы айтты

Оқушы аурухананың қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасымен шұғыл түрде сағат 19:45 кезінде жеткізілді.  Баланың көкірек қуысының оң және сол жағына үшкір затпен келтірілген терең емес бірнеше жарақаты болған. Сонымен қатар осындай жарақаттар оқушының белінде байқалған.

«Оны жеткізген кезде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі кезде зардап шегуші оқушының денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде», - делінген Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы Оқушылар сарайы аумағында би кешінен кейін 11 сынып оқушысы жарақат алды. Күдікті адам анықталып, ұсталды. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.