Дәрігерлер Атырау облысындағы жатақхана өртінен зардап шеккендердің жағдайын айтты
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облыстық Денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі бүгін жатақханада шыққан өрттен зардап шеккен төрт адамның жағдайы туралы мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Зардап шегушілердің бірі өте ауыр халде жатыр. Денесінің 65-70 % күйік шалған. Ол жансақтау бөлімінде. Бір адамның қолы мен тыныс алу жолдарын күйік шалған. Тағы екі адамға көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді», - деп хабарлады Департаменттің баспасөз қызметінен.
Облыстық ауруханада зардап шегушілерге көмек көрсету бойынша арнайы дәрігерлер тобы ұйымдастырылды. Барлық дәрі-дәрмектер жетерлік, деп нақтылады Денсаулық сақтау департаментінен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырау қаласынан шамамен 40 шақырым жердегі Қызылқоға ауданында салынып жатқан Қарабатан «Газтурбиналық электр стансысының» құрылыс аумағында орналасқан жатақхана өртенді. 6 адам қаза болып, 4-еуі зардап шекті.