Дәрігерлер ауыр халдегі көпбалалы ананың өміріне араша түсті

Ведомствоның дерегінше, ағымдағы жылдың 14 қаңтарында Астанадағы №2 Ақмола облыстық ауруханасына Степногор қаласынан санитарлық авиация желісі арқылы мерзімінен бұрын босанған ауыр халдегі келіншек жеткізілген.
Науқастың халінің нашарлауына жүктіліктің ауыр асқынуы себеп болған. Сондықтан, жоғары білікті мамандардың көмегі қажет болды. Осы орайда Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы жедел көмек көрсету мақсатында облыстың жетекші мамандарынан бригада жасақтады.
«№2 Ақмола облыстық ауруханасының дәрігерлері Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Астана медициналық университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының мамандарымен кеңесе келе, HELLP-синдром - жүктіліктің ауыр асқынуы келіншектің өміріне қауіп төндіргенін растады. Бүйрек жетіспеушілігі, тромбоциттер көрсеткішінің аздығы, көп қан жоғалту, тыныс алу жетіспеушілігі, жоғары артериалды қысым деген бірнеше диагноз қойылды. Жансақтау бөліміндегі мамандардың кәсіби шеберлігінің арқасында көпбалалы ана аман қалды. Статистика бойынша, жүктіліктің ауыр асқынуына ұшыраған әйелдердің 75 пайызы көз жұмады», - дейді №2 Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Қожағапарова.
Ведомство келтірген мәліметтерге қарағанда, бүгінгі таңда науқастың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жас ана мен нәрестесінің жағдайы қанағаттанарлық. Ауруханадан шығарылып, үйлеріне жіберілді.
«Санитарлық авиация, аурухана мамандарына шын жүректен алғыс айтам. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында жолдасым аман қалды. Жеті баламыз бар, тұңғышымыз - 14 жаста, кенжеміз - 1 жаста. Сіздер балаларыма анасын қайта сыйлағандай болдыңыздар. Сол үшін сіздерге көп рахмет», - деп ризашылығын білдірді көпбалалы әке Жәнібек Хонай.