Дәрігерлер беті күйіп қалған жедел жәрдем жүргізушісінің жағдайын айтты
Пациент 12 желтоқсанда №4 аурухананың күйік бөліміне 1-2 дәрежелі химиялық күйік диагнозымен түсті. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалаған болатын.
«Қазіргі таңда жағдайы жақсарып келеді. Науқасқа тегін мемлекеттік медициналық көмек беру көлемі аясында кешенді көмек көрсетіліп жатыр. Жарасы жазылған соң амбулаториялық ем қабылдауға емханаға шығарылады», - деді №4 аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі Нұржан Бинокуров.
Еске салсақ, оқиға кеше Жетісу ауданында Винтер көшесінде болған. Ер адам жедел жәрдем жүргізушісінен көлігін жолдан алуды сұраған. Оған келіспеген жүргізушінің бетіне газ баллонын қаратып, шашып жіберген. Соның салдарынан жүргізуші 1-2 дәрежелеі химиялық күйік диагнозымен ауруханаға түсті.
Алматы полициясы жедел жәрдем жүргізушісіне газ баллонымен шабуыл жасаған адамды ұстады. Жетісу аудандық ІІБ осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.
Бұған дейін де, Алматыда жолды бөлісе алмаған Түркия азаматы жедел жәрдем жүргізушісі Николай Кучманы соққыға жыққан болатын.
Көп ұзамай полицейлер 1990 жылы туған түркиялық азаматты анықтап, уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізді.
Кейін Әли Демир кепілмен босатылды. Сондай-ақ, жедел жәрдем жүргізушісі Түркия азаматын кешірді.