Дәрігерлер D дәрумені мен қатерлі ісік өлімі арасындағы байланысты анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар ағзадағы D дәрумені деңгейі мен жүрек-қантамыры аурулары және қатерлі ісіктің кей түрлері арасында байланыстың болатынын анықтады, деп жазады Gazeta.ru.

Дәрігерлер D дәрумені мен қатерлі ісік өлімі арасындағы байланысты анықтады

BMJ журналындағы дерек бойынша, D дәруменінің деңгейі қатерлі ісіктен өлу қаупін болжауға көмектеседі екен.

Бұл тұжырым жалпы саны 26 мың адамнан тұратын еуропалық және америкалық тұрғындардың 7 тобына жүргізілген зерттеу нәтижесінде шығарылды. Зерттеуге қатысушылардың жасы 50-79 аралығында. Дәрігерлер оларға 16 жыл бойы бақылау жүргізген.

D дәруменінің деңгейін өлшеу адамның жасына байланысты емес екенін көрсеткен. Бірақ әйелдерде орташа есеппен еркектерге қарағанда деңгейі төменірек болып келеді екен. Сондай-ақ, D дәруменінің деңгейі дене қозғалысы жоғары адамдарда және жоғары білімді азаматтарда жоғарырақ, ал семіз кісілерде төменірек болып келеді-міс.

Біз білетіндей, D дәрумені тері астында күн нұрының қуатымен пайда болады.

16 жылда бақылаудағы 7 мыңдай адам қайтыс болған. Қаза болғандардың көбі жүрек қан тамырлары ауруларынан өлім құшқан да, оған қарағанда азырағының ажалы қатерлі ісіктен болған. Осылайша, ғалымдар D дәруменінің төмен деңгейі мен жүрек қан тамырлары ауруларынан келетін өлім және қатерлі ісіктің арасында байланысты анықтады.

Қорытынды бойынша, дәрігерлер D дәруменінің деңгейі жоғарыда айтылған дерттерден өлу қаупін анықтау көрсеткіші деп санайды. Бірақ, қатерлі ісіктің өзі D дәруменінің деңгейін азайтуы мүмкін деген де қауіп бар. Бұндай жағдайда зерттеу нәтижесі негізсіз болып табылады.