Дәрігерлер денесін 80% күйік шалған астаналық өрт сөндірушінің өмірін сақтап қала алмады
«Бүгін ауруханада жатқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды. Оның өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше тәулік бойы аянбай еңбек етті. Асқар Астана қаласында болған өрт кезінде адамдардың өмірін құтқару кезінде батырлық танытты. Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы Асқар Забикулиннің туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады», - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Өрт сөндірушінің артында жолдасы мен 2 баласы қалды.
«Асқар ақжарқын адам, жауапты қызметкер, кәсіби өрт сөндіруші және сауатты маман болды. Әріптестері арасында әділ, өз мамандығын сүйетін қызметкер ретінде құрметке ие. Асқардың әйелі мен екі баласы қалды. Төтенше жағдайлар министрлігі қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек көрсетеді», - деді ресми өкіл.
Айта кетейік, елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түсті.
Ал 3 адамды құтқарған астаналық өрт сөндіруші Асқар Забикулинді 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Сондай-ақ, оған достары көмек жинады.Одан бөлек, Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Күні кеше, оның отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификаты табысталған болатын.