Дәрігерлер Денге безгегін жұқтырғандардың жағдайы туралы айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәрігерлері Денге безгегін жұқтырған 4 пациенттің ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, науқас адамдардың жағдайы жақсарып келеді.
«Екі пациент И.Жекенова атындағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп шықты. Қалған екеуі амбулаториялық ем қабылдады. Барлық науқастарда асқыну болған жоқ. Олардың барлығы Таиланд елінде демалып келген. Болжам бойынша қоздырғышты масалардан жұқтырған», - деді баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, Денге безгегі дене қызуының көтерілуі, бұлшықеттің ауыруы, буындардың қақсауымен, бөртпелердің шығуымен ерекшеленеді.
Геморрагиялық безгектер (оның ішінде Денге безгегі) - өткір вирустық инфекциялық ауру.
Қоздырғыштарды науқас адамдар, маймылдар, жарқанаттар, масалар таратуы мүмкін. Бұл ауру жылы климат аймақтарда Азияның Оңтүстігінде, мұхит елдерінде, Африка, Америка, Кариб бассейні елдерінде таралған. Мамандар бұл ауруды жұқтырмас үшін масалардың шағуынан қорғайтын арнайы крем жағып жүруге кеңес береді.
Бұған дейін биыл Алматыда 4 туристің ауру жұқтырып келгенін хабарлаған болатынбыз.