Дәрігерлер ЭКСПО-ны насихаттау мақсатында спартакиада ұйымдастырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қазалы ауданында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау мақсатында Медицина қызметкерлері күні мерекесіне орай спорттық ойын түрлерінен спартакиада өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі аудандық әкімдікке сілтеме жасап.

Дәрігерлер ЭКСПО-ны насихаттау мақсатында спартакиада ұйымдастырды

Спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары С.Бабанаев ЭКСПО көрмесінің маңыздылығына тоқтала келе, спартакиадаға қатысушы ақ халаттыларға сәттілік тіледі.


Спартакиадаға орталық ауруханада, орталық емханада, Қазалы қаласының емдеу мекемелерінде, «Жетес би» мен «Болат жолы» емханаларында, перзентхана мен ауылдық емханаларда еңбек ететін медицина қызметкерлері барлығы 7 команда болып жарысты. Олардың  арасында тәжірибелі хирургтар, жас мамандар мен бас дәрігерлер де бар. Екі күнге созылған жарыста дәрігерлер қауымы арқан тарту, дойбы, қол күресі, волейбол, жүгіру, эстафеталық жарыс, шағын футболдан сынға түсті.

Жоғары деңгейде өткен сайыс қорытындысында жалпы командалық есепте аудандық аурухана ұжымы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Қазалы қаласының емдеу мекемелерінен құралған команда иеленсе, аудандық емхана ұжымы үшінші орынға тұрақтады.

Барлық жеңімпаз командаларға дипломдар мен  арнайы кубоктар табысталды.