Дәрігерлер халықтан той-томалақты тоқтата тұруды өтінді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Коронавирусқа қарсы күрескен дәрігерлер халықтан той-томалақты тоқтата тұруды өтінді. Ақ халатты абзал жандардың атынан бұл үндеуді халыққа Нұр-Сұлтан қаласындағы дәрігер-инфекционисі Құралай Мырамытова жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер халықтан той-томалақты тоқтата тұруды өтінді

«Коронавирус инфекциясының алғашқы толқыны кезінде бәріміз бір кісідей жұмылып, індетке қарсы күрес жүргіздік. Сол кезде мен және менің әріптестерімнің жасаған еңбектері зая кетпеуі үшін сіздерден сұрайтынымыз: сақтық шараларын ұмытпай, маска киіп, болып жатқан той-томалақтардан, мерекелерден алшақ болсаңыздар дейміз. Ондай жерлерге бармай, болмаса кейінге шегеруді сұраймыз. Егер сіз болып, біз болып осы шаралардың бәрін сақтасақ, онда осы аурудан құтыламыз. Аман болыңыздар!», - деді видеоүндеуде дәрігер-инфекционист.

Айта кетсек, Қазақстанда пандемия басталғалы 109 508 адам коронавирус жұқтырып, оның 105030-ы жазылып шықты. Өкінішке қарай індеттен 1768 адам көз жұмды.