Дәрігерлер іш құрылысы шала жетіліп туған нәрестенің өмірін сақтап қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола балалар ауруханасының дәрігерлері ішек-қарын жолындағы кемістігімен дүниеге келген сәбиге ота жасады, бүгін нәресте үйіне шығарылады, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Нәресте 6 сәуір күні Степногорск ауданындағы орталық ауруханада уақытына жетпей, ішек-қарын жолдарының кемістігімен туған. Тексеру барысында сәбидің ағзасында жұқпалы аурудың тұтас жайылып кеткендігі, жатыр ішіндегі инфекция және тыныс алу жолдарындағы ауытқушылықтары анықталған.
Сол күні-ақ Степногорскіге Ақмола балалар ауруханасының неонотальдық хирургі Ернар Қожабеков пен реаниматолог дәрігері Елена Иванова жеткізілді. Нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін жедел ота жасау керек болды. Күрделі ота сәтті аяқталды, деп хабарлайды Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
«Жас нәресте 11 сәуір күні Ақмола балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне жеткізіліп, екі апта бойы бақылауға алынды. Одан кейін жаңа туған нәрестелердің патологиясы бөлімшесіне ауыстырылды. Нәресте дүниеге келгенде салмағы 2 630 грамм болса, қазір 2 890 грамға жетті», - дейді Ақмола балалар ауруханасының бас дәрігері Серік Ақшалов.
«Нәрестеме мұндай диагноз қойылады деп ойлаған жоқпын. Жүктілік кезеңі бірқалыпты өтті. Уақытымен дәрігерлік тіркеу алындым, барлық анализдерді тапсырып, тексеріліп тұрдым. Ұлымның өмірін сақтап, отаны сәтті жасап шыққан дәрігерлерге алғысымды білдіргім келеді», - дейді сәбидің анасы Евгения Акаева.