Дәрігерлер көпірден құлаған қыздың жағдайы туралы айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көпірден құлаған бойжеткеннің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер барын салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлер көпірден құлаған қыздың жағдайы туралы айтты

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қоңырау түскі сағат 13:00 шамасында Алтын Орда базары маңынан түскен. Оқиға орнына 8/90 қарқынды терапия бригадасы жетті. Жапа шеккен бойжеткен қалалық №7 ауруханаға жеткізілді.

«Ауруханада реаниматолог, нейрохирург, травматолог, хирург мамандар пациентті тексерді. Оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Қазіргі таңда барлық диагностикалық шаралар жасалып жатыр. Пациент жасанды тыныс алу аппаратына қосылды», - деді баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, бүгін бойжеткен Алтын Ордадағы жаяу жүргіншілер көпірінен құлап кеткен болатын. Іле-шала жерде жатқан қызды көлік қағып кеткендігі туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.