Дәрігерлер Маңғыстаудағы атыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлім етті
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Түнде Маңғыстау облыстық ауруханасына түрлі жарақаттармен Құрықтың үш азаматын жеткізді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Олардың біреуі жалпы хирургияда, екіншісі кардиохирургияда, үшіншісі - жалпы жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғысының жағдайы ауыр, дәрігерлер оған әлі де болжам жасай алмай отыр.
«Науқас түнде түскен. Жарақатына қарап не болғанын болжау қиын. Жанжал, төбелес болғаны белгілі. Науқасқа бытырамадан да оқ тиген, жүрек тұсынан пышақ жарақатын да алған. Жараны тіктік, қазір қалыпты», - деді үшеуінің бірінің жағдайын айтқан кардиологиялық орталық басшысы Жеңіс Қозыбаев.
Асқазаны зақымдалған науқас жалпы хирургияға жатқызылды. Жағдайы ауыр науқасқа қатысты дәрігерлер: «3 жарақат, зақымданған жерлері көп, негізінен іш қуысы қатты зақымданған, тоқ, аш ішегі, жіңішке ішек, төс қуысы зақымданған. Пневмоторакс... Ота хаттамасы менде жоқ. Жасанды тыныс алу аппаратын шешті, өзі дем алып жатыр. Асқынуы мүмкін, болжам жасай алмаймыз, жағдайы ауыр», - деді жансақтау меңгерушісі, анестезиолог-реаниматолог Игілиік Серікбаев.
БАҚ-та кеше кешке Құрық ауылында атыс болып, оннан астам адам жарақаттанғанын хабарлаған.
Үшеуіне аудандық ауруханада медициналық көмек көрсетті. Үшеуі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. ІІД баспасөз қызметінде болған жағдай туралы мәлімет таратқан жоқ. Полицейлер себебін анықтап, күдіктілерді іздеп жатыр.