08:38, 08 Маусым 2014 | GMT +5
Дәрігерлер Михаэль Шумахердің өлім құшқаны туралы өсекті жоққа шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 маусым күні әлеуметтік желілерде «Формула-1» жарыс әлемінің жеті мәрте жеңімпазы Михаэль Шумахердің қайтыс болғаны туралы ақпараттар пайда болған еді. Неміс спортшысы ем қабылдап жатқан француздық клиниканың дәрігерлері бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады Vesti.kz.
Еске салайық, өткен жылдың 29 желтоқсан күні Шумахер тау шаңғысымен сырғанап жүрген кезінде құлап кетіп, басын тасқа соғып алған соң ауруханаға жатқызылған болатын. Сол уақыттан бері ол ес-түссіз күйде жатыр. Ал жуырда «Московский комсомолец» американдық анастезиолог әрі «Формула-1» бұрынғы дәрігері Гэри Харстейннің пікірін жариялады. Оның айтуынша, әйгілі шабандоздың тірі қалуы екіталай. «Енді Михаэль Шумахердің денсаулығының жақсарғаны туралы жақсы хабар естиміз деп ойламаймын», - дейді ол. Алайда ол спортшының жалпы жай-күйі жайлы толық мәліметтерден хабардар еместігін мойындады.