10:54, 18 Шілде 2015 | GMT +5
Дәрігерлер тұңғыш рет 3D-принтерде бас сүйек жасап, үш жасар қыз балаға салды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда 17 шілдеде кішкентай қызды құтқару бойынша ерекше ота жасалды. Дәрігерлер 3D-принтерде баланың бас сүйегін жасап шығарып, оны науқасқа салды.
Хань-Хань туғанынан гидроцефалиядан зардап шеккен. Бұл жағдайда оның миында сұйықтың қайту үрдісі бұзылған. Бас сүйекте сұйықтықтың жиналуынан баланың миы қалыпты жағдайдан төрт есеге ұлғайды. Бас салмағы дене салмағының жартысынан көп болған. Әкесі қызына қажетті ем үшін ақша жиды. Дәрігерлер 3D-сканерлеу мен 3D-басып шығаруды пайдаланып, титан торынан үш имплант дайындаған. Дәрігерлердің айтуынша, уақыт өте титан импланттары сүйек пластиналарымен жабылады.
Хань-Ханьға жасалған ота 17 сағатқа созылды. Дәрігерлер сұйықтықты шығарып, бас сүйегінен алынған сүйектердің орнына титан пластиналарын орнатты. Олардың пайымынша, уақыт өткеннен кейін қыз толық сауығып кете алады.
Қазір қыз өздігінен дем алатын болды.