Дәрігерлер журналистерді қоғамда үрей тудыратын ақпараттардан аулақ болуға шақырды

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Қазіргі уақытта еліміздің денсаулық сақтау саласы осы бағдарлама аясында жұмыс атқаруда. Бағдарлама тармақтарының бірі - АИТВ/ЖИТС мәселелерін тұрғындарға шынайы әрі түсінікті жеткізу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің білімін арттыру. Осыған орай, Астана қалалық ЖИТС-қа қарсы күрес орталығы жергілікті БАҚ өкілдерімен арнайы семинар өткізді. Шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Орталықтың бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов атап өткендей, АИТВ инфекциясын ауыздықтауда БАҚ-тың ықпалы мен атқарар рөлі орасан. «Әр түрлі әлеуметтік зерттеулер осы тақырыптардағы ақпараттардың 90 пайызын халық бұқаралық ақпарат құралдарынан алатынын көрсетіп отыр. Сол себепті сіздер АИТВ-ның алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараларды әрқашан шынайы әрі нақты жеткізеді деген ойдамын», - деді ол.
АИТВ мәселесіне кеңінен тоқталған бас дәрігер орынбасарының міндетін атқарушы Інжу Аймағанбетова болса, тілшілерді қоғамда үрей тудыратын, халықты шошытатын ақпараттардан аулақ болып, керісінше одан сақтану жолдарын көбірек насихаттауға шақырды.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Астана қаласында АИТВ-ны жұқтырудың 1108 оқиғасы анықталды. Инфекцияға шалдығу фактілері бұрынғыдай әлеуметтік жағдайы төмен топтар арасында ғана емес, орта буын және ауқатты азаматтар арасынан тіркелу үстінде. Жұқпаның жыныстық жолмен таралуы артуда. Науқастардың 80 пайызы - 20 мен 39 жас арасындағы жастар.
Семинарға қатысқан журналистер індеттен сақтану жолдарын әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өз ұсыныстарын білдіріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне келетін шетелдік қонақтармен жұмыс жөнінде тұшымды жауаптар алды.
Сәбит Əбдрайымов бүгінге дейін Орталық жұмысына ақпараттық қолдау көрсетіп келген тілшілерге алғыс білдіріп, алдағы уақыта да тығыз байланыста болуға шақырды.