Дәрігерлердің қатесін Мейрамбек түзетпекші

Shyn.kz сайтының жазуынша, бұл шара өңеші бітеу болып туылған ақмолалық 1 жасар сәби Айлан Дәулетбаеваға күрделі ота жасау үшін қаражат жинауға арналған көрінеді.
«Өңеші мен асқазаны қосылмағандықтан бала өз еркімен тамақтана алмайды. Қазақстанда жасалған өңеш пен асқазанды қосуға ота жасағаннан кейін бірде-бір бала тірі қалмаған. Ал Айланға Қазақстанда 5 рет ота жасалғанымен, оның жағдайы әлі ауыр. Ресей дәрігерлері баланы емдеуден бас тартқан, себебі қазақстандық дәрігерлер Айланға қажет емес оталарды жасап, оның өміріне орасан зор нұқсан келтірген. Айланға көмектесуге тек Израильдің дәрігерлері келісіп отыр. Бір жастағы Айлан өмір сүргісі келеді. Өмірге құлшынған сәбиге қол ұшын берейік, ағайын. Қазір Айланның қорында 10 мың доллар ғана ақша бар. Оны емге жіберу үшін тағы да қосымша қаржы жинау қажет» - делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, концерттен түскен қаржы толығымен Айланның шотына аударылады. Концертке қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары: Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Жанболат пен Жазира, Ақмарал Леубаева, Жанар Айжанова, Жұбаныш Жексенұлы, Шахизада, Мадина Сәдуақасова, Меруерт Түсіпбаева, Роза Әлқожа, Индира Расылхан, «Денар» тобы, «Асыл» тобы, «Азия» тобы, Ерлан Орынбасаров, Таңат Мамырханов, Беркут пен Аиша және т.б. әншілер мен «Өнер қырандары» әзіл-сықақ командасы қатысады.
Концерт 20 қазан күні кешкі сағат 19.00-де «Қазақконцерт» залында өтеді (Абылайхан мен Қазыбек би көшелерінің қиылысы).