Дәрігерлердің жұмысына қатысты шағымдарды Smart Astana арқылы жолдауға болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кері байланыстың жаңа каналы барлық қалалық емханалар мен стационарларда енгізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында барлық қалалық емхана мен стационарларда көрсетілген медициналық қызметке тұрғындардың қаншалықты қанағаттанатынын анықтау және кері байланысты жақсарту мақсатында жаңа жоба қолға алынды», - деп хабарлады Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров өзінің Facebook-тегі парақшасында.
«Енді сіздер емхана немесе жекелеген қызметкерге қатысты өтініш-тілектеріңізді қалдыра аласыздар. Ол үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, сұраққа жауап беру жеткілікті. Барлық ақпарат қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ахуал орталығына түседі. Бұл бізге онлайн режимде медициналық мекеменің немесе жекелеген медқызметкердің сізге көрсеткен қызметі мен сервис сапасын анықтап, одан ары жетілдіруге көмек береді», - деп түсіндірді Қ. Надыров.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының айтуынша, өтініш-тілектер негізінде рейтинг жасалады.