Дәріханалардағы тегін дәрі-дәрмектер туралы онлайн режимде білуге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар бұдан былай медициналық ұйымдар мен дәріханаларға тегін дәрі-дәрмектерді жөнелту туралы ақпаратты онлайн режимде көріп отыруға мүмкіндік алды. «СҚ-Фармация» сайтында осындай ақпараттан құлағдар етіп отыратын арнайы бөлім ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дәріханалардағы тегін дәрі-дәрмектер туралы онлайн режимде білуге болады

Диспансерлік пациенттер аймақтарға қандай дәрі-дәрмектер жөнелтілгені туралы ақпартты енді Бірыңғай дистрибьютор сайтының «2018 жылға АДҚ бойынша ақпарат» бөлімінен мына сілтеме бойынша біліп отыратын болды.

«СҚ-Фармация» сайтының арнайы құрылған бөлімінде емделушілер бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы дәрі-дәрмекті сатып алу тәртібі, тегін рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмектердің дәріханалардағы қолжетімділігі туралы барлық қажетті ақпаратты таба алады.

Бірыңғай дистрибьютордың басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шария Исмуханованың айтуынша, бөлімдегі ақпараттар күнделікті жаңартылып отырады. Пациенттер өздеріне ұсынылған дәрі-дәрмектердің дәріханаларға қашан түскенін бақылай алады.

«Пациенттер өздерінің аймағында қажетті дәрі-дәрмектердің бар-жоқтығын және дәріханаға келгенін білу қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан, бұл деректерді ашық жариялау туралы шешім қабылданды», - дейді Шария Исмуханова.

Сондай-ақ, сайтта Сіз тегін ақпарат алу үшін дәрі-дәрмектерді алуға болатын орынның мекенжайы мен байланыс телефондары туралы ақпараттарды таба аласыз. Бұған қоса аталмыш бөлімде қазақстандықтарға қажетті препараттардың өз аймағына жөнелту кестесі туралы неғұрлым нақты ақпаратты білуге болатын шұғыл байланыс телефондарының нөмірі жарияланды.

Дәрі-дәрмектің қолжетімжілігін қамтамасыз ететін қадам ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасы бойынша жасалып отыр.