Дәрілік заттар нарығында картель құру фактісі бойынша сот процестері аяқталды - ҚР ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің пайдасына логистикалық қызметтерді берушілер арасындағы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау қызметтері нарығындағы картель құру фактісі бойынша соттардың соңғы шешімдері шығарылды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Дәрілік заттар нарығында картель құру фактісі бойынша сот процестері аяқталды - ҚР ҰЭМ

Бұрын хабарланғандай, Алматы қаласы сотының 2017 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен «МЕДСЕРВИС ПЛЮС» Қазақ фармацевтикалық компаниясы» ЖШС ӘҚБтК-нің 159-бабы бірінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылық үшін кінәлі деп тану туралы Алматы қаласы МАӘС-тің 2017 жылғы 7 ақпандағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылды.  

Осыған ұқсас шешімдер осы картельге қалған екі қатысушы - «Ромат» фармацевтикалық компаниясы» ЖШС-ға және «СТОФАРМ» ЖШС-ға қатысты қабылданды.

Айталық, Павлодар және Қостанай облыстық соттары азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 27 сәуірдегі және 3 шілдедегі қаулыларымен осы компанияларды ӘҚБтК-нің 159-бабы бірінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылық үшін кінәлі деп тану туралы Павлодар қаласы МАӘС-тің 2017 жылғы 17 наурыздағы және Қостанай қаласы МАӘС-тің                     2017 жылғы 6 маусымдағы қаулылары өзгеріссіз қалдырылды.

Үш компания бойынша айыппұл санкцияларының (әкімшілік айыппұл және монополиялық табыс) жалпы сомасы 500 млн.-ға жуық теңгені құрады. Шешімдер заңды күшіне енді.

2017 жылғы 18 шілдедегі жағдай бойынша «СТОФАРМ» ЖШС 2 366 766 теңге мөлшерінде монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алған монополиялық табысты мемлекет бюджетіне төледі.