«Дарын» сыйлығына кімдер үміткер бола алады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерден өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов мәлім етті.
— Конкурс 10 номинация бойынша өткізіледі. Олар: «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы». Демек, біз жастардың қабілетін бір саламен ғана шектемейміз. Конкурсқа Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. Үкіметкерлер халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ түрлі салаларда қоғамды дамытуға нақты үлес қосып жүрген азаматтар болуы тиіс. Құжат қабылдау бүгін, яғни, 17 маусымда басталып, 17 қыркүйекке дейін жалғасады, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, сыйлық алуға үміткерлерді ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.
— Сыйлық алуға ұсынылған үміткерлер арнайы құрылған комиссия арқылы қаралады. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өтінімдер салалық секция деңгейінде жан-жақты зерделенеді. Екінші кезеңде комиссияның қорытынды шешімі қабылданады. Комиссия құрамына уәкілетті органдардың, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, шығармашылық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі спорт шеберлері, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері енгізіледі, — деді Біржан Әлімжанов.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы — ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ұсынылады.