Дария суы күндіз-түні бақылануда

 ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Сырдария өзені бұған дейін хабарланғандай, қазір мол суды қабылдап жатыр. 
None
None

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мәліметтеріне сүйенсек, нақ осы күндері қырғыз ағайындардың Тоқтағұл су қоймасы мен жолдағы өзге де су жинайтын қоймалардан  секундына 1190 текше метр су Шардараға түсуде. Одан төмен қарай секундына 1500 текше метр су босатылуда, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Шардарадағы  қазіргі су мөлшері  4 млрд. 785 млн. текше метрді құрайды.     Көксарай су реттегішінде 2 млрд.  883 млн. текше метр су бар. Реттегіш шекті межесіне жетіп тұрғандықтан су қабылдамайды, не оны төмен қарай жібермейді. Өзбек тарапымен келісім негізінде Арнасай су ойпаты бүгінде секундына 350 текше метр суды өзіне  алуда. Олармен алдағы уақытта да келісім болатын болса, Арнасайдың мұнан әлдеқайда көп суды қабылдау мүмкіндігі бар. Соңғы күндері Арыс өзені біршама тыншып секундына 200 текше метрдің үстіне шыққан су көлемі 143 текше метрге дейін түсті.

Қызылорда облысының аумағына ентелей кірген мол судың қазіргі көлемі 1340 текше метрді құрап отыр. Оңтүстіктегі қос ауданда да қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Атқарылып жатқан істердің нәтижесінде Қызылорда су торабынан  бұл күндері  секундына 518 текше метр су өтіп жатыр. Дария бойындағы қауіпті саналатын барлық аймақтар тегіс бақылауға алынды.  Әзірге жағдай тұрақты. Дегенмен  ауа-райының нақты қалай құбылары белгісіз екенін де жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті алдағы күндері мол суды өткізіп жібергенше тас-түйін дайындық жұмыстары жалғаса береді.

Соңғы жаңалықтар