«Дарын» жастар сыйлығына енді 35 жасқа дейінгі азаматтар өтініш бере алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен «Дарын» сыйлығын беру және «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау ережелеріне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ инновациялық бағытта қызмет атқаратын және тұтастай қоғамның дамуына ықпал ететін 35 жастан аспаған ҚР азаматтары сыйлық алуға үміткер бола алады», - делінген құжатта.

Айта кетейік, бұрын «Дарын» сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 29 жастан аспаған қазақстандықтарға тағайындалатын.

Сыйлықты әр номинация бойынша ең көп дегенде тек 2 үміткерге беруге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда ақшалай сыйақы олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты бұрын алған азамат қайта өтініш бере алмайды.

Еске салайық, былтыр 8 желтоқсанда Сенат 35 жасқа дейінгілерді «жастар» санатына енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған еді.


Соңғы жаңалықтар
telegram