«Дарындар далада қалмайды»» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 30 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Дарындар далада қалмайды»» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі дәстүрлі брифингте «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Асхат Бейсенбаев болды. БАҚ өкілдерімен кездесуінде ұлттық пошта операторының басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан іс-шаралар жайында баяндады. «Біз, шын мәнінде әрбір қазақстандықтың, соның ішінде, әсіресе, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуды көздейміз. Біздің қысқа мерзімді жоспарларымызда ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтер, каталог бойынша тауарларға тапсырыс беру, сақтандыру қызметі, брокерлік қызмет, несиелеу сынды өзге де аса қажетті қызмет түрлерін көрсету бар»-, деп атап өтті ол. Осы жайында берілген мақала «Қазпошта қызметі халық үшін» атты тақырыпта көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Бас басылымда «Арабтар неге өз сандарын қолданбайды?» деген мақала берілген. Бүгінгі күні барлық әлем сандық көрсеткіштерді араб цифрларымен жазады. Цифрды бүкіл әлем бізден алған деп олардың мақтануына да болатын жағдай. «Алайда, өздері... өздері бүкіл әлем қолданатын өз цифрларын қолданбай, сандық көрсеткіштерді басқаша таңбалайды. Онысы несі екен деп осы мәселені араб елдеріне іссапарға барған сайын ойланушы едік. Енді соның сырын Интернет «білгіштен» іздеп көрсек, оның соншалықты құпиясы жоқ екен», деп жазады мақала авторы.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанда миллиондаған доллар бос қаржысы бар қалталы адамдарға мемлекеттің меншігінен үлес алуға мүмкіндік беріледі. Кешегі отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері Үкіметтің арнайы Қаулысын мақұлдады. Бұл құжат 2014-2016 жылдары жекешелендірілетін мемлекеттік және ұлттық компаниялардың, республикалық кәсіпорындардың үлкен әрі түбегейлі тізбесін бекітеді. Онда, сондай-ақ жекешелендірудің нақты мерзімдері мен өткізу тәсілдері көрсетілген. Осылайша, Қазақстанда 90-жылдардан кейінгі, бірақ одан біраз ерекшеленетін «Жекешелендірудің екінші толқыны» бастау алды. Бұл жайында «Жекешелендіру жалғасады» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Дарындар далада қалмайды» деген мақала берілген. Бүгіндері мемлекеттік қызметте жүрген кадрлардың басым бөлігі басқарушылық, шешiм қабылдау, стратегиялық талдау сынды пәндердi оқымаған көрінеді. «Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Байменовтің өзі айтып қалды. Ал біз болсақ, мемлекеттік қызметтің сапасына көңіл толмайды дейміз. Міне, мәселе қайда жатыр?»,-деп жазады газет. Агенттік төрағасының өз сөзін келтірейік: «...Орта есеппен «А» корпусындағы азаматтардың жасы 45-те. Олар оқуларын осыдан 20 жылдай бұрын бітірген. Өкінішке қарай, ол кезде біздің білім беру жүйемізде басқару тәсілдері, басқару пәндері, шешім қабылдау, стратегиялық жоспарлау, жобаларды басқару пәндері жоғынан еді. Сол себептен осы бағытта арнайы курстар өткізіп, әлемнің жетекші сарапшыларын іске тартудамыз». Мүмкін, басқару тәсілдерінен білімдерін көтерген соң мемқызметтің сапасы артатын болар.

***

«Жас қазақ» басылымының соңғы санында Тұтынушы мен салық төлеушінің мүддесін қорғайтын "Қазтұтынубақылау" қоғамдық ұйымының төрағасы (ресми тіркелген атауы "Казпотребнадзор") Талғат Әбдіжаппаров оқырмандармен ой бөлісуге келген. Ол тұтынушы құқығын қорғаудағы кедергі мен кемшілік, қызмет көрсету сапасы, коммуналды қызмет бағасы, түрлі саладағы жемқорлық мәселесі төңірегіндегі пікірін ортаға салды. «Біздің қызметіміз бір болғанмен, бағытымыз бөлек. «Қоғамдық бақылауды үкіметтік емес ұйымдардың қолына беру керек» деген принципті ұстанамыз. Мысалы, кезінде «халықтық бақылау» деген түсінік болды. Оның ықпалы күшті еді. Түрлі саланы түгел тексеретін. Сол бір дәстүрді қайта жаңғыртқымыз келіп жүр. Қазір «халықтық бақылауды енгізу қажет пе?» деген мәселе мәжілісте талқыланып жатыр»,-дейді Талғат Әбдіжаппаров. Бұл сұхбат «Тұтынушы құқығын біле ме?» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Сеять безумное, злое, мгновенное» атты мақала берілген. Қарағанды облысындағы ауылдық мектептерде жүзге жуық математика, физика, химия және биология мұғалімдері жетіспейді. Ал тәлім беріп жүрген кейбір оқытушылардың сауаттылығы күмән келтіреді. Мәселен, олар өз саласындағы қарапайым сұрақтарға да жауап бере алмайтын көрінеді. Облыстық білім басқармасы ауыл мектептеріндегі түлектер білімінің төмен деңгейіне алаңдаулы.