Дастан Сәтпаев «Бернли» сапына оралуға жақын
АСТАНА. KAZINFORM — «Бернли» халықаралық үзіліске дейін «Дерби Каунтимен» 1:1 есебімен тең түсті. Бұл кездесуде команда бірқатар жарақат алған футболшыларынсыз ойнауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Informsports.kz.
Үш апталық үзіліс кезінде бірнеше ойыншының толық қалпына келуі күтіліп отыр. Олардың қатарында Дастан Сәтпаев та бар. Сонымен бірге Джош Каллен, Энок Агьеи және Джейдон Банел де жарақатынан айығу кезеңінде.
Бас бапкер Никки Хайен Сәтпаевтың команда үшін маңызды футболшы екенін атап өтті.
- Джош Каллен де командаға оралуға жақын. Дастан да қатарға қосылып келеді. Бұл бізге көбірек мүмкіндік береді, – деді Хайен.
Сондай-ақ бапкер қазақстандық шабуылшының бұған дейінгі ойындардағы рөліне тоқталды.
- Дастанның сол екі матчта біз үшін қаншалықты маңызды болғанын бәрі біледі. Сондықтан оның қайтадан біздің қатарымызда болуы өте маңызды, – деді «Бернли» бас бапкері.
Ал Якоб Брун Ларсен өкшесіндегі жарақатынан кейін «Дерби Каунтиге» қарсы кездесуде алаңға оралды. Джейдон Банел де жаттығуға кірісіп, алдағы матчқа қатысуы мүмкін.
Халықаралық үзілістен кейін «Бернли» 10 қазанда сырт алаңда «Уотфордпен» кездеседі. Команда осы ойынға дейін Сәтпаев пен тағы бірнеше футболшының толық қалпына келуінен үмітті.
Айта кетелік Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты уақытша «Челсиге» оралатыны туралы жазған едік.