Дастан Сәтпаев «Бернли» сапындағы алғашқы толық матчын өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев ағылшындық «Бернли» клубының сапында алғаш рет толық матч өткізіп, командадағы ең жоғары бағаны алды, деп хабарлайды Sports.kz.

Дастан Сатпаев
Фото: "Бернли" ФК

18 жастағы қазақстандық футболшы Чемпионшиптің үшінші турында «Норвичке» қарсы матчта негізгі құрамда алаңға шығып, 90 минут толық ойнады. Кездесу 1:4 есебімен «Бернлидің» жеңілісімен аяқталды.

Flashscore Сәтпаевтың ойынына 7,5 балл берді. Бұл – «Бернли» футболшылары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Матч барысында Дастан қарсылас қақпасына үш рет соққы жасап, оның біреуін қақпаға дәл бағыттады. Оның күтілетін гол көрсеткіші (xG) 0,15 болды. Сондай-ақ қарсылас айып алаңында допқа сегіз рет тиіп, сегіз дриблинг әрекетінің төртеуін сәтті орындады және өзіне қарсы бір ереже бұзуға себеп болды.

– Сәтпаев үш шешуші пас берді, оның күтілетін ассист көрсеткіші (xA) 0,39 болды. Сондай-ақ ол алаңның соңғы үштен бір бөлігіне бағытталған 14 пастың сегізін дәл жеткізіп, бір қауіпті сәт ұйымдастырды, – деп жазады басылым.

Жалпы қазақстандық шабуылшы 30 пастың 23-ін дәл жеткізді. Пас дәлдігі 77%-ды құрады.

Қорғаныста да Сәтпаев белсенділік танытты. Ол 11 жекпе-жектің төртеуінде жеңіске жетіп, екі рет допты қағып алды және үш мәрте допты өз командасының бақылауына қайтарды.

«Бернли» Чемпионшиптегі келесі кездесуін 3 қыркүйектен 4 қыркүйекке қараған түні өз алаңында «Мидлсброға» қарсы өткізеді.

Айта кетейік, Дастан Сәтпаев «Бернли» сапындағы алғашқы ойынын өткізді.