Дәстүрі сақталған елде тілдің проблемасы болмайды - Қ. Салғараұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәстүрі сақталған елде тілдің проблемасы болмайды. Бүгін Білім және ғылым министрлігінде «Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі» атты тақырыптағы дөңгелек үстелде Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қойшығара Салғараұлы осылай айтты.

Дәстүрі сақталған елде тілдің проблемасы болмайды - Қ. Салғараұлы

«Тіл өте күрделі әрі нәзік мәселе. Тіл - ұлттың ұлы құндылығы. Ата-бабамыз өмірге әкеліп, сан мыңдаған жылдар бойы қолданып, бір жүйеге түсіріп, құндылығын қожыратпай бүгінгі ұрпаққа жеткізген аманаты. Ондай аманатқа қиянат жасамай, келешекке Мәңгілік тілді жеткізу бүгінгі толқынның зор борышы», - дейді Қойшығара Салғараұлы.

Оның айтуынша, тіл мәселесін белгілі бір жауапты топқа немесе органға ысырып тастауға болмайды. Бұған өзін ұлт перзентімін деп санайтын әрбір азамат жауапты, сондықтан да тілмен жұмыс кешенді, жан-жақты түрде жүзеге асуы шарт.

«Тіл төңірегіндегі жұмыс жандансын десек, дәстүрге алдымен көңіл аудару қажет. Дәстүрі сақталған елде тілдің проблемасы болмайды. Отбасы дәстүрінің бұзылуынан, өмірге жаңа келген сәби ұлттық дәстүрді бойына сіңіре алмағандықтан ана тілінің уызына жарымай жүр. Ана тілінің дәстүрімен рухтанған бала қоғамда болатын кез келген құбылыс пен дерттен қорғана алатын еді», - дейді Қ. Салғараұлы.

Профессордың сөзіне қарағанда, ана тілінің орнықты дамуындағы тағы бір басты мәселе тарихты санаға сіңірумен байланысты.

«Тәуелсіздік алған тұста Елбасы айтты: «Бір де бір ғылымның саласы жас ұрпақты дәл тарихтай отансүйгіштікке, кісілік парасатқа тәрбиелей алмайды» деп. Тарихтың өзі ата-бабаларымыздың өмірбаяны, басынан кешкен оқиғалары мен шежіресі. Бала өзінің ата-бабасының қалай өмір сүргенін білмесе, бабаларының ерлік істерімен рухтанбаса, ондай ұрпақтан ештеңе шықпайды. Ал тарихты санаға қалыптастырып, ұрпаққа сіңіретін дүние - бұл оқулық. Сондықтан да, оқулыққа ең бірінші мән беруге тиіспіз», - деді Қ. Салғараұлы.