Дәстүрлі өнерге шектеу болған: қазір жастарға мүмкіндік мол – Берік Омаров

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары дәстүрлі ән өнеріне деген сұраныс артып, жастар арасында қызығушылық күшейіп келеді. Концерттер мен түрлі мәдени шараларда халық мұрасын насихаттауға бағытталған жобалар ұйымдастырылып жатыр. Бұл туралы белгілі дәстүрлі әншілер, ҚР мәдениет саласының үздігі Берік Омаров пен Халық әртісі Айгүл Қосанова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтып өтті.

Берік Омаров
Фото: Берік Омаровтың жеке архивінен

– Дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген кез келген өнерпаздың миссиясы жоғары. Қазақ халқының ұлттық коды біздің төл музыка мен мәдениетіміз. Сол жолда қызмет етіп жүрген әрбір адам халық игілігі үшін еңбек етеді, – деді Берік Омаров.

Берік Омаров
Фото: Видеодан алынған скрин

Соңғы уақытта дәстүрлі әндерді заманауи бағытта орындап жүрген жас өнерпаздар саны артып келеді. Алайда халық әндерінің түпнұсқасын сақтау маңызды екенін халық әртісі Айгүл Қосанова ерекше атап өтті.

– Насихаттаудың ең басты шарты – түпнұсқадан айырылмау. Әннің әуені мен мәтіні – ата-бабамыздан жеткен аманат. Оларды өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ. Әрине, жастар заманына сай жеткізуге, жаңа тыныс беруге болады. Бірақ әннің сөзін немесе сазын бұрмалауға болмайды, – деді Айгүл Қосанова.

Ұстаз ретінде ол жастардың дәстүрлі әнге қызығушылығы жоғары екенін айтты.

Берік Омаров
Фото: Видеодан алынған скрин

– Біздің кезде консерваторияны 5-6 ғана студент тәмамдаса, қазір бұл көрсеткіш 20-25-ке дейін жетті. Бұл дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншіліктің артуының айғағы, – деді Айгүл Қосанова.

Берік Омаров та қазір музыкалық білім алу мүмкіндігі кеңейгенін атап өтті.

– Бұрын шектеулер бар еді. Әр облыстан тек бір ғана студент консерваторияға түсе алатын. Қазір жағдай өзгерді – Астана мен өңірлерде жаңа оқу орындары ашылып, музыкалық факультеттер жұмыс істейді. Мемлекеттік гранттар саны артты, жастарға мүмкіндік мол, – деді ҚР мәдениет саласының үздігі.

Берік Омаров
Фото: Видеодан алынған скрин

Сонымен қатар түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші де жаман емес.

– Былтыр біздің оқу орнын 20 студент бітірсе, соның 18-і жұмысқа орналасты. Демек, дәстүрлі әншілерге деген сұраныс бар деп айта аламыз, – деді Айгүл Қосанова.

Бұған дейін дәстүрлі әнге мемлекет тарапынан қолдау керек екенін жазғанбыз.

Еске сала кетейік, Астанада 28-29 қарашасы күндері қазақтың күй өнерін дәріптеуге арналған дәстүрлі III қалалық «Астана — күй қанатында» атты домбырашылар фестиваль-байқауы өтеді.

Соңғы жаңалықтар