Дәстүрлі әнге мемлекет тарапынан қолдау керек – Сәуле Таудаева

Сәуле Таудаева
Фото: Кейіпкерден

ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақтың ұлттық өнері – дәстүрлі әннің қазіргі жай-күйі қалай? Дәстүрлі ән өнерінің болашағы не болмақ? Міне, осы орайда Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Таудаева Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

- Сәуле Жаманқызы, өнер жолына қалай келдіңіз, алдымен сол жөнінде айтсаңыз?

- Әке-шешем, олардың барлық туыстары өнерден құр алақан болмаған. Мен де сол өскен ортамның әсерімен бала күнімнен әнге бет бұрдым. Бала шетінеп кете берген соң әкемнің есімін Жаманқұл деп қойған екен, кейін ел Жаман деп атап кеткен. Әкем күйді керемет тартатын. Есту қабілетімен бірталай күйді өзі салып ала беретін. Анам Ұмсындық та қара жаяу емес, отырыстарда ән салатын.

Ата-анам қырда мал бағып, біз бұрынғы Тайпақ ауданының орталығы Калмыков (қазір Тайпақ) ауылында нағашы әжем Нәзира Ерболатованың қолында жатып оқыдық. Өнерге өте құмар, шежірені, ескі әңгімелерді көп білетін әрі ісмер, киім киісіне дейін бөлек жан еді. Үйде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» дастандары, жыр-термелер, Ғарифолла Құрманғалиевтің әндері жазылған күйтабақтар таңнан кешке дейін ойналып жататын. Менің өнерге келуім де сол әжемнің арқасы деп білемін. Алдымен мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән сала бастадым. Бастапқыда Бибігүл Төлегенова айтатын әндерді жаттап алып, сол кісідей болсам дейтінмін. Кейін жоғары сыныптарға ауысқан сәттен бастап домбыраны қолға алып, Ғарекеңнің отыздан астам әндерін үйрендім.

Мектеп бітіргеннен кейін ата-анам қыз бала болған соң өнер саласына кеткенімді қаламады. Сол себепті Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға тапсырғаныммен, жолым болмады. Оған қуанбасам, өкінген жоқпын. Есесіне ауданға келіп, мәдениет үйіне орналастым. Ғұбайдолла Хибашев, Қайырлы Құсайынов, Хайдар Өтеғалиев, Көшерғали Макаров сынды алғашқы ұстаздарымның көмегімен бағыт-бағдарымды айқындап, шеберлігімді ұштай бастадым. 

Әлі есімде, 1978 жылдың күзінде Ғарифолла Құрманғалиев 70 жасқа толуы қарсаңында алдын ала облысқа гастрольдік сапармен келіп, Тайпақ ауданы орталығында да концерт қойды. Ол кісі мен қасындағы шәкірттерін тірілей көру мен үшін бақыт еді. Кешкісін қонақасыда Ғарекеңе бір-екі ауыз ән салып бердім. Сонда ол төрден өзі келіп, қашаннан ән айтатынымды сұрап, «Алдағы жылы оқуға кел», деп, батасын беріп кетті. 

1979 жылдың мамыр айында «Тамаша» бағдарламасының режиссері Лұқпан Есенов ауданның өнерпаздарын Алматыға шақырып, сонда теледидарға түстік. Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысын» орындап, трио болып күй ойнадық. Елден келгендер кері қайтып, мен Алматыда қалып, республикалық эстрада-цирк өнері студиясының халық әні бөліміне көп үміткерлердің бірі болып құжат тапсырдым. Ғарекең мені бірден танып, 12 шәкірттің қатарында өз сыныбына қабылдады. 

- Сонда дарабоз әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің соңғы шәкірттерінің бірі болдыңыз ба? Ол кісінің ән үйрету ерекшелігі қандай еді?

- Бізден кейін де Ғарекеңнің сыныбына шәкірттер қабылданды. Бірақ ол кезде атақты әнші жиі ауырып қалып, көбіне көмекшісі Қалыбек Ақтаев сабақ беріп жүрді. Ғарекең студияға сирек барған екен. Ал бізге дәріс берген кезде тың, ширақ болды, сабақтан қалмайтын. Соның нәтижесінде екі жыл ішінде Батыс Қазақстанның 200-ге жуық әнін үйреніп шықтық.

Ұстазымыздың сабақ беру әдістемесі ерекше еді. Әзіл-қалжыңмен, ойнақы жүретін. Қыздармен, жігіттермен амандасқанына дейін өзгеше еді, киімді де талғаммен киінетін. Ол кісіні біз ренжітпеуге тырысатынбыз. Ренжісе де, қайтымы тез, жүрегі жұмсақ адам болатын. Мысалы, бір оқушы әнін айта алмай қалса, шекесін нұқып қалады да, отырған үстелінің асты қуыс, соған кіріп кететін. «Ағай, әнімді дұрыстап айтамын», деп қайта бастағанда, өзі сондай қағылез, үстелдің қуысынан шығып келе жататын. Сабақты солай ойнап күліп өткізетін. Тапсырманы орындамай келген оқушысын сыныптан сыртқа шығарып жіберсе, соны уайымдап, артынша біреуді жіберетін. Сосын кешіріп, әнін қайта айтқызатын. Тағы бірде мынадай оқиға болды. Ортада шәкірттерінің бірі ән салып отырған. Ғарекең орнынан тұрды да, қолына бешпетін алып, арт жаққа қарай жүрді. Сөйтсек, бір қыз ұйықтап қалған екен, соның иығына бешпетін жапты. Қыз оянып кетіп, кешірім сұраса, ұстазы: «Кешіңіріз, ұйқыңыз бұзылды ма?» деп жатыр. Мұндай әзіл-қалжыңы көп еді. 

Опера және балет театрында өзімен бірге жұмыс істеген әріптес аға-апалары Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітоваларды бәрімізге үлгі етіп, тамсанып айтып отыратын. Бірде Кәукен Кенжетаев келіп, фортепианода ойнап, бір сілкінтіп кеткені жадымызда. 

1980 жылдың күзінде Ғарекеңнің жары Рабиға апамыздың қайтқаны бәрімізге де оңай тиген жоқ.

Өзі біз ән салып отырған кезде көңілі бұзылып, көзіне жас алып қалатын. 
Атақты әнші: «Әнге адал болыңыздар. Бабамыздан қалған қасиетті өнерді жалғай біліңіздер», деп үнемі айтып отыратын. Сол аманатқа барынша адал болып келеміз.

- Ал өзіңіздің кәсіби әншілік жолыңыз қашан басталды?

- Мен студияда оқып жүргенде-ақ Ғарекең Ришат Абдуллин, Рашид Мұсабаев, Гүльвира Рәзиевалармен бірге гастрольдік сапарларға жіберіп отырды. 1980 жылдың күзінде Әміре Қашаубаев атындағы алғашқы республикалық байқау өтті. Соған Жәнібек Кәрменовтің және біздің сыныптан төрт студент қатыстық. Басқасы – облыстық филармониялардан келген кәсіби әншілер. Ғарекең жетпіс жасқа толғанда сыйға тартылған домбырасын маған берді. Өзі қазылар алқасында болса да, сахнаның сыртында тұрған маған келіп, «Құлағын дұрыстап келтірдің бе?» деп сұрап, құнттай түсетін. Ол кезде қазіргідей емес, бірінші турда 6, екіншісінде 6 және гала-концертте 2 әнді мүдірмей айтып шығуың керек. Сонда ұстазымның сенімін ақтап, лауреат атанып, үшінші жүлдеге ие болдым. Бұдан кейін бойымды жиып, ынталана түстім. 

1981 жылы оқу орнын бітіргеннен кейін комиссияның ұйғарымымен Жамбыл атындағы Алматы облыстық филармониясына фольклорлық ансамбльдің әншісі ретінде қабылдандым. Сейілхан Құсайынов, кейін Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің басын жаңа құрап жатқан кез. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжегүл Сыздықова, жұбайы, керемет музыкант Дмитрий Гусенцовтың үйінде жаттым. Мені олар үшінші қызындай көріп, қамқорлық жасады. Көп тәжірибе жинақтадым, Қазақстанда біздің бармаған жеріміз жоқ. Дегенмен 1982 жылдың күзінде туған өлкеме оралып, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға жұмысқа кірдім. Гастрольдік сапарлар қайта жалғасты. Ұлым Даниярды тоғыз айлығында-ақ бірге алып жүрдім. Қазір ол да өнер жолында, үйленді, Ақкербез атты немерем бар. 

Талай рет суық клубта концерт қойып, салқын қонақүйде жаттық, жол азабын көрдік. Бірақ ол кездегі жұртшылықтың қошеметі ерекше еді, көрермен залға сыймайтын, әнді қайта-қайта айтқызатын. Сондай құрметтің нәтижесінде 1996 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атансам, 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталдым. 

- Клубтың суықтығына қарамай, ән салып жүрдік деп қалдыңыз. Дауысты сақтау қиын ба?

- Әрине, дауысқа дұрыс күтім керек. Өмірдің қиыншылықтары өз алдына, көңіл-күй де әсер етеді. Бұрын гастрольдік сапарда жүргенде, тамағымызға салқын тигізіп алсақ та, концерттен қалмайтынбыз. Қазір ондай гастрольдік сапарлар жоқ, дауысымызды барынша күтеміз. Зейнетке шықсақ та, филармонияда жұмыс жасап жүрміз. Әрдайым қолдап-қошеметтеген өз ұжымыма да, халқыма да ризамын.

- Қазіргі таңда дәстүрлі ән өнерінің өкілі ретінде сізді не алаңдатады? Жаһандану заманында түрлі ән бағыттары белең алған кезде дәстүрлі өнеріміз көлеңкеде қалып қоймай ма, оның болашағы жарқын болу үшін нендей іс-шараларды қолға алу керек деп ойлайсыз?

- Әрине, мені дәстүрлі әннің болашағы алаңдатады. Барлық облыста, аудан-ауылдарда қаншама музыкалық мектептер, дәстүрлі ән класы ашылып жатқанымен, әлі де қолға алатын істер баршылық. Президентіміз Домбыра күнін белгіледі, ендеше, не тұрыс бар!? Рас, дәстүрлі өнерді көбіне зиялы адамдар тамашалайды. Жастардың дені шетелдік музыка, мән-мағынасы жоқ жеңіл-желпі әуенге бейім болып келеді. Бұлардың бәрі уақытша, дәстүрлі өнер мәңгілік. Бірақ тек оның жарнамасы жоқ. Ең алдымен мемлекет тарапынан қолдау керек. Тіпті арнайы заң шығарып, дәстүрлі өнер мәртебесін биіктетсе деп ойлаймын. Ұлттық арнадан тұшынып қарайтын ештеңе таба алмайсың. «Абай» телеарнасынан үміттеніп едік. Онда да жекелеген адамдардың өмірі, киген киімі, отбасымен қалай болғаны көрсетіледі. «Домбыра» арнасын аша алмай жүргенімізге де біраз болды. Қанат Ержігітов бастаған ұжым түсірілімдер жасағанымен, қолдау жеткіліксіз. Қорыта айтқанда, дәстүрлі ән өнерін эстрададан кейінгі орынға, екінші планға қоймау керек. Бір әннің шумақтарын бірнеше әншіге бөліп айтқызу деген шықты, қазір ескерткен соң қайта азайды. Күйшілердің жеке орындауы мүлде сирек. Міне, осындай олқылықтардан арылған жөн деп есептеймін. 

- Төл өнерімізді алға апаратын шәкірттеріңіз де бар шығар?

- 1991 жылы Мұхит Мерәліұлының 150 жылдығына орай Құрманғазы атындағы музыка колледжінде Мұхит сыныбы ашылды. Онда белгілі әнші Хатимолла Бердіғалиев дәріс берді. 1994 жылы балалар көбейіп кеткен соң, Хатақаң мені сабақ беруге шақырды. Содан 1998 жылы қысқартуға ұшырағанша ұстаздық еттім. Дегенмен 2008 жылы қайта барып, он жыл дәріс бердім. 2002 жылдан күні кешеге дейін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің дәстүрлі ән бөлімінде сабақ бергенім де бар. Ақыл-кеңесімді беруден еш тартынған емеспін. 
Шәкірт дегенде, алдымен інім Сейілханның қызы Эльмира Таудаеваны айтар едім. Әкесі өмірден ерте кеткеннен кейін менің қамқорлығымда болды. Республикалық халықаралық «Шабыт» фестивалінде жарқырай көрініп, екінші орынға ие болды. Қазіргі кезде жұбайы да өнер адамы, өзі төрт баланың анасы, Маңғыстау облысы Жетібай ауылында музыка мектебінде ұстаздық етеді.

Университетте Дастан Есентеміров, Айжан Мұхамеджанова, Жігер Құмаровтар тәрбиеленіп шықты. Әбуғали Ибраев Маңғыстауда белгілі жыршыға айналды. 

Назгүл Хабиева мен Нұралы Айтуғанов – бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты, өзіммен бірге филармонияда жұмыс жасайды. Зинат Қасымова Астана филармониясында. 
Қазіргі таңда жер-жерде өздері де ұстаздық етіп жүрген шәкірттерім баршылық.

- Сіздің туған күніңіз қаздай тізілген көктем мерекелерімен тұспа-тұс келеді екен. Осыған орай не тілек айтар едіңіз?

- Иә, мен 5 наурызда дүниеге келгенмін. Құшағымызды гүлге толтырған туған күн, одан кейін 8 наурыз мерекесі зу етіп өте шықты. 14 наурыз – Көрісу мерекесі Қазақстанның батыс аймағына тән болғанымен, кейінгі жылдары басқа облыстар да бірге тойлауға ұмтылыс жасап жатыр. Бұл – бірігудің, бауырмалдылықтың, мейірімділіктің жарқын көрінісі ғой. Одан кейін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі келеді. Сондықтан халқымыз аман, еліміз тыныш болып, дәстүрлі өнеріміздің туы биікте желбірей берсін дегім келеді.

Соңғы жаңалықтар