Дәстүрлі акция аясында ОҚО-дан 9 мың тонна жеміс-жидек еліміздегі дүкендерге жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Көлік комитетінің «Жасыл өнімге - жасыл жол» акциясы аясында Оңтүстік Қазақстан облысынан 26 автокеруен (603 автокөлік жұмылдырылды) жолға шықты. Қазақстандағы көлік жолдары арқылы дүкен сөрелеріне қосымша тексерусіз 9 мың 257 тонна жеміс-жидек жеткізілді.

Дәстүрлі акция аясында ОҚО-дан 9 мың тонна жеміс-жидек еліміздегі дүкендерге жеткізілді

Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы автокеруен ҚР ИДМ Көлік комитеті, ОҚО облыс әкімдігі, Сарыағаш, Шардара, Мақтарал ауданы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен Сарыағаш қаласынан 2015 жылдың 2 шілдесінде жолға аттанған болатын. ҚР ИДМ мамандарының айтуынша, акцияның мақсаты сапалы жеміс-жидектерді сауда орындарына автокөлік жолдары арқылы еш кедергісіз, қосымша тексерусіз жедел жеткізуді қамтамасыз ету. Акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.