«Дәстүрлі емес діндер «шәкірттерді» қалай шырмайды»– республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 10 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Дәстүрлі емес діндер «шәкірттерді» қалай шырмайды»– республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Euronеws» телеарнасының тілшісі Константино де Мигельге берген сұхбаты жарияланды. Онда Президент ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы құжаттарда көрсетілген қағидалар мен міндеттемелер әлі де болса толық көлемінде сақталмай келе жатқанын атап көрсеткен. «Күш қолдануды жанжалдарды шешудің құралы ретінде қарастыру тоқталмай отыр, мемлекеттер арасындағы қарсы тұрушылықтар қатері аластаған жоқ. Кәдімгі қару-жарақ түрлеріне бақылау жасау үдерістерінде тоқырау байқалады. Трансұлттық қатерлер айтарлықтай қауіп төндіріп отыр, көптеген жанжалдар шешілмеген күйінде қалып кетеді. Осыған байланысты Астана Саммитінде ЕҚЫҰ-ның барлық қағидалары мен міндеттемелерін қайтадан қуаттау, сонымен қатар жаңа, болашаққа бағдарланған күн тәртібін бекіту қажет деп санаймын», дейді Қазақстан Президенті. Сұхбаттың толық мәтінін басылымдағы «Астана форумы дайын шешімдер Саммиті болмайды», деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ аталмыш басылымда Мәдениет министрлігіне қарасты Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері Лимана Қойшиеваның «Дәстүрлі емес діндер «шәкірттерді» қалай шырмайды» атты мақаласы басылған. Орталық қызметкерінің айтуынша, қазіргі таңда идеялар күн тәртібінде жиі көтеріліп отырғанымен, шынайы жағдайда басқаша. Өйткені дәстүрден тыс діни ағымдар - оңайлықпен шешімін табатын мәселе емес. Олар кез-келген коммерциялық дәстүрден тысқары діни культтер, құбылыс пен процестер сияқты қазіргі социумның іргелі мәселелерінің индикаторлары болып табылады. Адам осындай жағдайда бұрын-соңды тәжірибесінде кездеспеген мәселемен бетпе-бет келеді. Соған орай, оны шешудің сенімді құралдарына да бейхабар болады. Аталған мәселеге қарсы тиімді күресудің саналы түрде жасалған мәдени тетіктері де қалыптаспаған. Сол себепті көптеген мәселені шешу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, жүзеге асыру қажет.

***

Ал «Айқын» газеті бүгінгі санында кеше елордада өткен «Қазақстандағы қолжетімді тұрғын үй - қолжетімді ипотека: қалпына келтіру бағыты» деген тақырбыпты қаузаған дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер жөнінде жазды. Шарада күн тәртібіне қойылған өзекті мәселелер жөнінде сөз сөйлеген Президенттің кеңесшісі, «Нұр Отан» партиясының Инновациялық комитетінің төрағасы Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2008 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы саласындағы көрсеткіштер құлдилаған. Нәтижесінде соңғы 2 жылда инвестиция көлемі 40 пайызға қысқарып, пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің өсімі төмендеп кеткен. Мәселені ушықтырмас үшін ел Үкіметі жалға берілетін үйлер мен үлескерлердің проблемаларын шешуге түбегейлі бет бұрған. Әйтсе де тап қазір отандастарымыз үшін екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекамен пәтер алу мүмкін болмай тұр. Дөңгелек үстел отырысында көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Баспаналы болуға не кедергі?» атты мақаладан біле аласыздар

Сондай-ақ «Айқынның» бүгінгі нөмірінде «Инновация тактикалық тәсілдермен толықтырылса...» деген тақырыпта мақала басылды. «Мал шаруашылығын дамытамыз десек, ең алдымен оның азығын молайтуға тиіспіз. Бұл орайда азықтық дақылдар егістігінің ауқымын қазіргіден әлдеқайда ұлғайту керек екенін айтып жатудың қажеті жоқ. Бидай егістігінің ең кемі 15-20 пайызын арпаға, сояға, рапсқа, жүгеріге берсек, сонда ғана мүдде биігінен көріне аламыз. Орайы келгенде айта кетейік, бұл дақылдардың қай-қайсысы да біріншіден, бидайға қарағанда шығымды. Екіншіден, бұлардан тағамдық май және биоэтанол алуға болады. Үшіншіден, сол май және биоэтанол сылынып алынған дақыл қалдығы малдың жемі ретінде пайдаланылады. Олай болса, қазіргі кезде егістікке жарамды жерді бөлісіп алған ауылдағыларға қандай дақылды егу керектігі жайлы нұсқау берумен шектелмей, Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің тиісті құрылымдары арқылы сол дақылдарды сатып алуға кепілдік беруі де тиіс», -дейді мақала авторы.

***

«Алаш айнасы» газеті тілшісінің хабарлауынша, Таулы Қарабах өңірінің ширатыла шатасқан шытырманды тарихын енді көне дәуірдің сарғайған құжаттарын ақтару арқылы дәлелдеу мүмкін емес. Бұған әлемдік қауымдастықтың тікелей араласуы арқылы, тараптарды халықаралық заңнамаларды сақтауға міндеттеу арқылы ғана біржақты етуге болады. Бірақ сол заңдарды талап ету үшін де олардың халықаралық келісімдерді мойындауы маңызды. Бұл мәселемен қазір қауіпсіздік мәселесін мойнына алған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, оның ішінде Қарабах мәселесіне тікелей жауапты, АҚШ, Ресей, және Франция тең төрағалық ететін Минскі тобы кірісуде. Күрмеуі күрделі бұл мәселе жөніже білгіңіз келсе, «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қарабах жайы қалтарыста қалмайды» деген мақалаға зейін қойыңыз.

Сондай-ақ аталмыш басылымға сұхбат берген Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жанмырза Нұрмағамбетовтың пікірінше, қазақтың төл ойындары үлкен спортқа айналуы тиіс. «Мысалы аударыспақты ғана алып қарайтын болсақ, ата-бабаларымыз жаугершілік замандарда өздерінің спорттық дене бітімдерін сақтап тұру үшін осы бір ойынды тұрақты түрде ұйымдастырып тұрған. Ұлттық спортты дамытуға бүкіл республика болып жұмылып жатырмыз. Бірақ Қазақстан бойынша арнайы мамандар, атбегілер дайындайтын бірде-бір жоғары оқу орны жоқ екен», - дейді ғалым. Сұхбаттың толық мәтінін «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қазақтың қанына сіңген жылқыға деген сүйіспеншілігі жойылып кете ме деп қорқамын» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, елімізде «Ауызсу» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне 8 жыл уақыт берілді. Алайда ауызсу мәселесі еліміздің кейбір аймақтарында әсіресе, ауылды жерлерде әлі проблема күйінде қалып отыр. «Ал бұл мәселеге кезінде қажетті қаржы да бөлінген еді. Әрине мәселені осы күйінде қалдыруға болмайтыны түсінікті. Сондықтан болар, Үкімет тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен елдегі тарифтік саясатты жетілдіру жұмыстарының аясында елді ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 2011-2020 жылдарды қамтитын жаңа «Ақ бұлақ» бағдарламасын қабылдады»- деп жазады басылым. Бұл мақала «Без преград, утечек - в каждый дом» деген тақырыппен жарияланды.